Қазақстандықтардың әл-ауқат санаты тұрғын үй бағдарламаларына қатысуына әсер ете ме
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кейбір әлеуметтік төлемдер отбасының әл-ауқат деңгейіне қарай тағайындалады. Осыған байланысты азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне жаңа талаптардың әсері туралы сұрақ туындады. "Отбасы банк" өкілдері бұл өзгерістердің тұрғын үйге арналған мемлекеттік қолдау шараларына ықпалы қандай болатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
“Отбасы” банкінің алғашқы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Ашимов Астанада өткен тұрғын үйдің қолжетімділігіне арналған конференцияда банк заңнама талаптарын орындаушы мекеме екенін айтты.
“Егер тиісті мемлекеттік орган осы талаптарды енгізіп, оларды “Отбасы банк” арқылы жүзеге асырылатын құралдарға қолданса, біз оларды орындаймыз”, – деді Азат Ашимов.
Сонымен қатар банк өкілі қазір мемлекеттік қолдау шараларын қарастырғанда азаматтардың әлеуметтік жәрдемақылары, сыйақылары мен өзге де төлемдері есепке алынбайтынын атап өтті. Банк азаматтардың еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысын ғана ескереді.
Бұл талап зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерге де қатысты.
“Егер азамат әлеуметтік төлем алса, біз оны есепке алмаймыз. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шектеулер енгізілген жағдайда да, олар біздің банк арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына әсер етпейді”, – деп түсіндірді Азат Ашимов.
Еске салсақ, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кейбір әлеуметтік жәрдемақылар отбасының әлеуметтік әл-ауқатын объективті бағалау негізінде, яғни мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл өзгерістер әлеуметтік қолдауды шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттауға арналған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының ірі несиелері мен микрокредиттері, банк шоттарындағы ақша қозғалысы және жинақтары да ескерілетіні туралы жазған едік.
Қазақстандық дәрігерлер Республика күніне сыйақы берілмегеніне жаппай наразы болды: Сыйақыны кімдер алады
