Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 200 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінен шығарылады: Отбасы банк себебін түсіндірді

Пәтер
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған 200 мыңға жуық азамат есептен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы "Отбасы банкінің" өкілі тұрғын үйдің қолжетімділігі мәселелеріне арналған конференция барысында мәлімдеді.

"Отбасы банкінің" алғашқы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімовтің айтуынша, 14 қыркүйектен бастап банкке кезекте тұрған азаматтардың келісімінсіз тұрғын үйге мұқтаж адамдар тізімін түгендеу мүмкіндігі берілген. Бұған дейін мұндай тексеру жүргізу үшін азаматтардың дербес деректерін өңдеуге келісімі қажет болған.

Отбасы банк жүргізген түгендеу барысында кейбір азаматтардың тұрғын үйге мұқтаждық талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған. Олардың арасында жеке меншігінде баспанасы бар, сондай-ақ бірнеше тұрғын үйде үлесі бар азаматтар кездескен. Тіпті 10 немесе одан да көп пәтері бар адамдар да анықталған.

Азат Әшімовтің сөзінше, кезекте тұрған азаматтарды тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 200 мың адам әртүрлі себеппен тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін.

"Бірінші себеп – азаматтың жеке меншігінде тұрғын үйдің болуы. Екінші себеп – азаматтың Қазақстанда болмауы, яғни елден көшіп кетіп, Қазақстан азаматы мәртебесінен айырылуы. Бұл ретте азаматтың табысы тұрғын үй кезегінен шығаруға әсер етпейтінін атап өтеміз", – деді банк өкілі.

Егер азамат тұрғын үйге мұқтаждық иалаптарынасәйкес келмесе, оған кезектен шығарылғаны туралы тиісті хабарлама жіберіледі.

 

Кезектен шығарылған азаматтар кімдер?

Банк өкілінің мәліметінше, әзірге 30 мыңнан астам адамға қатысты кезектен шығару жұмыстары жүргізілген. Олардың бір бөлігіне әкімдіктердің хаттары негіз болған. Бұл азаматтарға тұрғын үй бұрын берілгенімен, әкімдіктер оларды кезектен шығармаған.

Ал шамамен 20 мың азамат бұған дейін ипотекалық несие алып, баспаналы болған. Алайда түгендеу жүргізілмегендіктен, олардың есімдері тұрғын үй кезегінде сақталып қалған.

Азат Әшімовтің айтуынша, мұндай азаматтардың жеке кабинетіндегі мәртебе "Тоқтатылған" деп көрсетіледі. Олар банкке жүгініп, өз мәртебесінің себебін анықтай алады.

Егер тексеру барысында жеке деректерде қате немесе ескірген ақпарат бары анықталса, азаматтарға тиісті мемлекеттік органдарға барып, мәліметтерді түзету ұсынылады. Ал деректерді өзгерту мүмкін болмаса, олар тұрғын үй кезегінен шығарылатыны туралы хабарлама алуы мүмкін.

“Банк мемлекеттік органдардың дерекқорларындағы мәліметтерге сүйеніп жұмыс істейді. Сондықтан кейбір ақпарат өзекті болмауы ықтимал. Мысалы, азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесіндегі немесе жылжымайтын мүлік тізіліміндегі деректерді түзетуге әртүрлі уақыт қажет. Бұл рәсімдер жеке мемлекеттік қызмет түрлеріне жатады”, – дейді банк өкілі. 

Айта кетейік, қазір Қазақстанда мемлекеттен тұрғын үй алу кезегінде 1 миллионнан астам азамат тұр. Олардың шамамен 480 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады.

Еске салсақ, бұған дейін 14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 20:10