14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгерді
14 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою тәртібі өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Отбасы банк" 14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары жаңа тәртіппен жүргізілетінін хабарлады.
Банк мәліметінше, енді азаматтың немесе оның заңды өкілінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге жеке келісімін алу талап етілмейді.
Бұған дейін ол үшін дербес деректерді жинауға және өңдеуге азаматтың келісімін алу талап етілетін, алайда түгендеуден өтпей тұрғын үй алу мүмкін емес еді. Осы рәсім барысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәртебесі, отбасы құрамы, санаты және тұрғын үйінің бар-жоғы туралы мәліметтері жаңартылады.
Бұдан бөлек 14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға қатысты тағы бірнеше ереже өзгереді:
- егер кезекте тұрған азаматтың немесе оның отбасы мүшесінің меншігінде жалғыз тұрғын үйдің кемінде 50%-ы болса, ол тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұра алмайды. Алайда бұл ереже бұған дейін кезекке тұрған азаматтарға қолданылмайды.
- тұрғын үй кезегіне тұруға өтініш берген азамат отбасы құрамына жұбайы мен балаларынан бөлек, ерлі-зайыптылардың ата-аналарын, немерелерін және қамқоршы ата-аналарын да тараптардың өзара келісімі бойынша қоса алады.
- егер бала асырап алған ата-анасы бала асырап алудан, қамқоршылықтан немесе қорғаншылықтан бас тартса, бала өзінің тұрғын үй кезегіне қойылған күнін сақтай алады.
- тұрғын үй кезегіне қою кезінде бөлмелер саны отбасы мүшелерінің санына қарай анықталады. Екі баласы бір жынысты отбасыларға екі бөлмелі пәтер ұсынылуы мүмкін. Ал балалар әртүрлі жыныста болса, үш бөлмелі пәтер ұсынылады. Бұл ретте тұрғын үйдің шаршы метріне қатысты талап болмайды.
- ауыл тұрғындары жалға берілетін тұрғын үйді өздері таңдап, өтінішті де өз бетінше бере алады.
"Отбасы банк" түгендеу жұмыстары тек салынып қойған тұрғын үйді бөлу үшін ғана жүргізілмейтінін атап өтті. Ол болашақта тұрғын үй құрылысын жоспарлауға, яғни қай жерде көбірек баспана салу қажет екенін анықтауға және нақты жағдайды ескере отырып ресурстарды бөлуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, тұрғын үй кезегіне соңғы бес жыл ішінде меншігінде тұрғын үйі болмаған Қазақстанның кәмелетке толған азаматтары тұра алады. Бұл ретте белгілі бір жеңілдік санатына жату енді міндетті шарт емес. Алайда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға басымдық беріледі.
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық несие беріледі.
Еске салсақ, бұған дейін 16 мыңнан астам қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылғаны туралы жазған едік.
"Жұмыстан шығаруға негіз емес: Астанада туристің видеосынан кейін жұмыстан қуылған полицейлерге қатысты заңгерлер пікір білдірді
