Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмыстан шығаруға негіз емес": Астанада туристің видеосынан кейін жұмыстан қуылған полицейлерге қатысты заңгерлер пікір білдірді

полицейлер
Фото: Stan.kz

Астанадағы туристік полицияның екі қызметкері шетелдік блогермен бірге видеоға түсіп, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылды. Қоғамда бұл шешімге қатысты пікір екіге жарылды. Бір тарап полицейлердің әрекетін орынсыз десе, енді бірі жауапкершілік тек екі қызметкерге ғана жүктелмеуі керек деп санайды. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі заңгерлерден полиция қызметкерлерін жұмыстан шығару қаншалықты заңды екенін сұрап көрді.

Заңгер Сергей Уткиннің пікірінше, Астанада туристің видеосына түскен екі полицейді жұмыстан шығару заңға сәйкес келмеуі мүмкін.

Оның айтуынша, "Құқық қорғау қызметі туралы" заңның 80-бабында қызметкерді жұмыстан шығаруға екі негіз қарастырылған. Олар – құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар және қызметтік тәртіпті өрескел бұзу.

Заңның 80-бабының 2-тармағында құқық қорғау органының абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер нақты көрсетілген. Оларға қызметкерлердің қоғамдық орында алкогольдік немесе есірткілік мас күйде болуы, көлікті мас күйде басқаруы, қызметтік жағдайын жеке пайдасына пайдалануы, сондай-ақ қызметкерлер арасындағы қоғамның теріс реакциясын тудырған орынсыз қарым-қатынастар жатады.

Заңгердің айтуынша, соңғы тармақты да бұл жағдайда полицейлерге қолдануға болмайды. Себебі егер жарғылық емес қарым-қатынас болған болса, ол екі полицейдің арасында емес, азаматтық тұлға мен полиция қызметкерлері арасында болған.

"Қызметтік әдеп нормаларын және полиция қызметкерлерінің мінез-құлық талаптарын бұзды" деген тұжырым да өздігінен жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды. Заңда мұндай негіз нақты көрсетілмеген", – деді Сергей Уткин.

Заңгер сондай-ақ қызметтік тәртіпті өрескел бұзуға ненің жататыны да заңда нақты жазылғанын атап өтті. Олардың қатарында қызметтік міндеттерді тиісінше орындамау салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру, мемлекеттік органның қалыпты жұмысына кедергі келтіретін әрекеттерге қатысу, қызметте мас күйде болу және қызметтік ақпаратты жария ету бар.

Оның пікірінше, полицейлердің туристпен бірге видеоға түсуін осы талаптардың ешқайсысына жатқызуға болмайды.

Заңгердің айтуынша, басшылық бұл жағдайда ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс немесе қызметіне толық сәйкес еместігі туралы жаза сияқты тәртіптік шаралардың бірін қолдана алар еді. Ал жұмыстан шығару үшін заңда нақты көрсетілген негіз болуы керек.

Сергей Уткиннің сөзінше, екі полицейдің сотқа жүгініп, жұмыстан шығарылуына шағымдануына негіз бар. Оның пікірінше, бұл жағдайда заң қызметкерлердің жағында.

“Басқалары да жауапкершілік арқаласын”

Астанада турист блогермен бірге түсірілген видеодан кейін ішкі істер органдарынан шығарылған екі полиция қызметкеріне қатысты шешім қоғамда түрлі пікір туғызды.

Полиция қызметкерінің жұмыстан шығарылуына қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Осы жағдайға байланысты адвокат Мейірман Шекеев те өз ұстанымын білдіріп, екі қызметкерге ғана жауапкершілік жүктелуін әділетсіз деп санайтынын айтты. Адвокат өз пікірінде президенттің 2023 жылғы 2 қаңтардағы №81 Жарлығымен бекітілген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдеп кодексін де еске салды. Ол полиция қызметкерлерінің әрекетін толықтай дұрыс деп отырған жоқ. Алайда оқиғаға қатысы бар өзге адамдардың да жауапкершілігі қаралуы керек деген пікірде. 

"Мен қазақ қыздарының әрекетін қорғамаймын, қазақ қыздарының өзін қорғаймын. Неге тек олар ғана жазаланып, өзгелері жауапкершіліктен босап қалды? Қыздардың әрекеті дұрыс емес, келісемін. Бірақ қалғандарының әрекеті ше? Қыздар жазаланбасын демеймін, бірақ өзгелері де жауапкершілік арқаласын", – деді Мейірман Шекеев.

Адвокаттың пікірінше, бұл жерде кінәні тек екі полиция қызметкеріне артып қоюға болмайды. Себебі бейнежазбаның әлеуметтік желіде кең таралуына оны бөліскен адамдар да себеп болған.

Бұдан бөлек, Мейірман Шекеев полиция қызметкерлерін жұмыстан шығарумен ғана шектелмей, оқиғадағы барлық тараптың әрекетіне құқықтық баға берілуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, блогер мен басқа да жауапты тұлғалардың әрекеті де назардан тыс қалмауы тиіс.

"Осы ретте қазақ қыздарына ғана жауапкершілік артып, жұмыстан шығарып жіберу дұрыс емес деп санаймын. Егер әділдікті қаласаңыздар, осы оқиғаға қатысты барлық адам да жауапқа тартылсын. Бірінші кезекте блогер және басқа да жауапты тұлғалар", – деді Мейірман Шекеев.

Полиция қызметкерлерінің жазалануы орынды – заңгер

Осы мәселеге байланысты заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің пікірін сұрап көрдік.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде кәсіби әдеп пен арақашықтық талаптарын сақтауға тиіс. 

"Полиция заманауи, ашық әрі адамға жақын болуы керек. Бірақ заманауи полиция деген – шекарасыз полиция емес. Туристке жағымды әсер қалдыру үшін Қазақстанның қонақжайлығын көрсетейік. Бірақ оны қазақ қызының абыройымен немесе мемлекеттік қызметкердің кәсіби беделімен өлшейтін деңгейге жеткізбейік. Турист көбейсін деп ұлттық тәрбиені өзгертудің қажеті жоқ. Керісінше, турист Қазақстанға келгенде біздің мәдениетімізді, әдептілігімізді және мундирге деген құрметімізді көрсін", – деп түсіндірді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.

Заңгердің пікірінше, блогермен бірге әзілдесіп, видеоға түсуі қызметтік әдеп тұрғысынан орынсыз.

Шетелде полицейлерді түсіру неге әкеп соғуы мүмкін?

Шетелде турист үшін фото немесе видео түсіру күнделікті әрекет сияқты көрінер. Алайда камераны полиция қызметкеріне бағыттаған сәтте жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Бір елде полицейді түсіруге ешкім мән бермесе, енді бір мемлекетте сол бір кадрдың өзі айыппұлға, қамауға немесе тіпті елден депортациялануға әкелуі ықтимал.

Мәселен, Ұлыбританияда полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерді суретке түсіруге шектеу қойылған. Билік мұны терроризм қаупімен түсіндірсе, журналистер мұндай талап полицияның заңсыз әрекетін түсіріп, жариялауға кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаған.

Францияда да полиция қызметкерлерінің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін фото-видеоларды таратуға қатысты қатаң шара ұсынылған. Заң жобасы бойынша мұндай әрекет үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыру және айыппұл қарастырылған. Мұндай шешім журналистер мен құқық қорғаушылардың қарсылығын туғызған.

франция полициясы
Фото: euronews.com

Ал Испанияда камера ұстаған әйелдің оқиғасы жарқын мысал бола алады. Аликанте тұрғыны полиция көлігінің мүгедектерге арналған тұраққа қойылғанын суретке түсіріп, Facebook-ке жариялағаны үшін 800 еуро, яғни шамамен 414 мың теңге айыппұл алған. Құқық қорғаушылар жағдайды полиция әрекетін азаматтық бақылау мүмкіндігіне қауіп төндіретін мысал ретінде санаған. Ал Испания заңнамасында мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұл 600-ден 30 мың еуроға дейін (шамамен 311 мыңнан 16 миллион теңгеге дейін) жетуі мүмкін.

полиция испания
Фото: ispaniya.com

Біріккен Араб Әмірліктерінде мәселе одан да күрделі. Бейтаныс адамды оның келісімінсіз фотоға немесе видеоға түсірудің өзі құқықтық мәселеге айналуы мүмкін. Ал мұндай материалды әлеуметтік желіге жариялау жауапкершілікті күшейтеді. Кей жағдайларда 150 мың дирхамнан (шамамен 20 миллион теңге) бастап айыппұл және қамау жазасы қарастырылуы мүмкін. Шетелдік азамат үшін істің соңы елден шығарылуға дейін баруы ықтимал.

біріккен араб әмірлігі

Фото: AP Photo/Hassan Ammar

Қытайда полиция, күзет қызметкерлері, әскери және мемлекеттік нысандарды түсіру ерекше назарға алынады. Әсіресе саяси тұрғыдан сезімтал аймақтарда туристің телефоны тексеріліп, түсірілімді тоқтатуды талап етуі мүмкін. Тыйым салынған нысандарды дронмен түсіру жағдайды одан әрі ушықтырады.

Таиландта полициядан бөлек, корольдік отбасы мен діни нысандарға қатысты ерекше сақтық қажет. Монархияны қорлайтын әрекет 3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Ал тіркелмеген дронды пайдаланған адам 100 мың батқа дейін (шамамен 1,4 миллион теңге) айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Мысырда полиция мен әскери нысандарды, бақылау бекеттерін түсіру қауіпті. Тарихи орындардың өзінде де фото-видеоға қатысты шектеулер бар. Тыйымды елемеген турист түсірген материалдарын өшіруге, камерасынан айырылуға немесе құқық қорғау органдарының тексеруіне мәжбүр болуы мүмкін.

Ал Түркия, Вьетнам, Мальдив аралдары мен Катарда негізгі талаптар көбіне адамдардың жеке өміріне, діни орындарға, мемлекеттік және қауіпсіздік нысандарына қатысты. Әсіресе бейтаныс адамдарды рұқсатсыз түсіру мәселесінде абай болған жөн.

АҚШ-та полиция қызметкерін қоғамдық орында қызметтік міндетін атқарып жүрген кезінде видеоға түсіруге азаматтардың құқығы бар. Яғни америкалық азамат полицияның әрекетін камераға түсіргені үшін автоматты түрде жауапқа тартылмайды. Керісінше, полиция қызметінің ашықтығы мен азаматтық бақылау маңызды қағида саналады.

америка сақшысы
Фото: americanbutler.ru

Алайда мұндай құқықтың да шегі бар. Азамат полицейдің жұмысына кедергі келтірмеуге, тым жақын бармауға және қауіп төндірмеуге тиіс. Егер түсірілім кезінде тәртіп сақшысының жұмысына әдейі бөгет жасалса немесе агрессивті әрекет байқалса, адам өзге де негіздер бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 18:34