Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері белгілі болды
Қазақстанда орташа жалақы 486 мың теңгеден асты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құрады. Бір жылда бұл көрсеткіш 8,4%-ға өскенімен, инфляцияны ескергендегі нақты жалақы индексі 1,8%-ға төмендеген.
Бюро деректеріне сәйкес, 2026 жылдың екінші тоқсанында медианалық жалақы 348 415 теңге болды. Медианалық жалақы – жұмыскерлердің жартысы осы сомадан аз, ал қалған жартысы одан көп жалақы алатынын көрсететін көрсеткіш.

Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бергі жалақы мөлшерінің бөлінісі туралы деректер де жарияланды.
Мәліметке сәйкес, 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын жұмыскерлердің үлесі 58,4 %-ға жеткен. Ал 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 39,3%-ды құрады. Айлық табысы 100 мың теңгеден аспайтын жұмыскерлердің үлесі 2,3% болған.
Зерттеуге сәуір айында толық жұмыс істеген жұмыскерлер енгізілген. Жалақы мөлшері салықтар мен зейнетақы жарналары шегерілгенге дейін есептелген. Сондай-ақ оған сыйақылар, үстемеақылар мен қосымша төлемдер де кірген.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ең жоғары жалақы төленетін мамандықтар туралы жазған едік.
Қазақстандық дәрігерлер Республика күніне сыйақы берілмегеніне жаппай наразы болды: Сыйақыны кімдер алады