Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

21 жастағы студент екі аяғынан айырылған жол апаты: Арыс әкімінің ұлына қатысты іс қайта қозғалды

Талғат Емел
Фото: Видеодан скрин, жақындарының архиві

Астана – Павлодар тас жолында 21 жастағы студент Талғат Емелдің екі аяғынан айырылуына себеп болған жол апатына қатысты тоқтатылған қылмыстық іс қайта қозғалды. Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Істің қайта қозғалғаны туралы зардап шеккен жігіттің әпкесі Гүлсім әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Гүлсімнің айтуынша, қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған. Сондай-ақ өзі жолдаған барлық өтініштер мен шағымдар қанағаттандырылып, іс сотқа дейінгі тергеу кезеңіне қайтарылған.

Алайда Гүлсім мұны түпкілікті жеңіс деп санауға әлі ерте екенін атап өтті. Оның сөзінше, отбасы жол апатының барлық мән-жайын толық тергеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуді жалғастырады.

Отбасы тергеу барысында апаттың барлық мән-жайы анықталып, болған оқиғаға құқықтық баға беріледі деп үміттенеді.

Еске салсақ, бұған дейін Астана-Павлодар тас жолында апат салдарынан 21 жастағы студент екі аяғынан айырылғаны туралы жазған едік. 

Жол-көлік оқиғасы 2026 жылғы 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған. Автокөлік металл қоршауға соғылып, қоршау көліктің салонын тесіп өткен. Салдарынан 21 жастағы Талғат ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болған.

Көлікті Арыс қаласы әкімінің ұлы Қайсар Манқараев басқарған.

Апаттан кейін полиция қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда 16 қыркүйекте қылмыстық істің рақымшылық актісінің негізінде тоқтатылғаны белгілі болды. 

Дана Русланқызы
Жұма, 23 Қазан, 2026 20:22