21 жастағы студент екі аяғынан айырылған жол апаты: Арыс әкімінің ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Астана-Павлодар тас жолында 21 жастағы студент Талғат Емелдің екі аяғынан айырылуына себеп болған жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жол апаты 2026 жылдың 29 мамырында Астана–Павлодар тасжолында болған. Автокөлік жол жиегіндегі темір қоршауға соғылып, ол көліктің салонын тесіп өткен. Талғат ауыр жарақат алып, екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болды.
Екібастұз полициясы “абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтірген жол қозғалысы ережелерін бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Алайда кейінірек қылмыстық істің “рақымшылық туралы” заңның негізінде тоқтатылғаны белгілі болды.
"Биылғы жылдың 16 қыркүйегінде жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық жасау туралы заңның негізінде тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданды", – делінген Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция зардап шеккендерге азаматтық тәртіппен сотқа жүгінуді ұсынған.
Жәбірленушінің әпкесі Гүлсімнің айтуынша, қазір Талғат үйде ем қабылдауды жалғастырып жатыр.
"Талғаттың қазіргі жағдайы тұрақты. Шілде айында ауруханадан шығарылды, бірақ жарақат салдарынан туындаған мәселелер мен ем-домға байланысты ауруханаға бірнеше рет қайта жүгіндік. Қазір ол үйде. Тамыз айында оған қойылған жақтауларды алып тастау жоспарланған еді. Алайда шат сүйегінің бітісуі нашар болғандықтан, ота кейінге қалдырылды. Қазір жоспарлы отаны күтіп отырмыз. Әрине, тәуекел бар, жағдай кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Дегенмен ота сәтті өтеді деп үміттеніп, қолдан келгенше сабыр сақтап отырмыз", – дейді жәбірленушінің әпкесі.
Сондай-ақ Гүлсім шілде айының басынан бері әкімнің ұлының отбасы Талғаттың жағдайын сұрамағанын және ешқандай көмек көрсетпегенін айтты.
"Үйқамақ мерзімін ұзарту жөніндегі сот отырысында күдікті адам қандай да бір кешірім сұраудан бас тартты. Шілде айының басынан бері олар бізбен байланысқа шыққан жоқ. Шамасы, оның отбасы бұдан былай көмектеспеуді шешкен сияқты. Олар ата-анамызбен немесе басқа туыстарымызбен байланысып, ең болмаса Талғаттың жағдайын сұрай алар еді. Алайда көріп отырғанымыздай, жәбірленушінің жағдайына немқұрайлы қарайды", – деді ол.
Бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев көлікті өзінің ұлы басқарғанын растаған еді. Шенеунік қызметтік өкілеттігін пайдаланбайтынын және тергеуге ықпал етуге тырыспайтынын мәлімдеген.
"Заң бәріне бірдей болуы керек, оның ішінде менің отбасы мүшелеріме де", – деді Манқараев.
Алайда іс сотқа дейін жетпеді. Жәбірленушінің туыстары бұған дейін әкімнің ұлы бір жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 29 рет жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған еді. Жол апатынан кейін оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Студенттің отбасы жүргізуші әкесінің байланыстарының арқасында жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп алаңдаған.
Еске салсақ, бұған дейін Астана-Павлодар тас жолында апат салдарынан 21 жастағы студент екі аяғынан айырылғаны туралы жазған едік.
