Астанада аяғынан айырылған краншы әйел жұмыс берушіден өмір бойы өтемақы талап етіп отыр
Астанада құрылыс алаңында мұнаралы кранды бөлшектеу кезінде кран машинисі биіктен құлап, оң аяғынан айырылды. Әйел төртінші аптадан бері ауруханада жатыр. Ол үш баланы жалғыз тәрбиелеп отыр және енді қалай өмір сүретінін білмейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 31 тамызда болған. Құрылыс нысанында мұнаралы көтергіш кранды бөлшектеп жатқан кезде ол кенеттен құлаған. Слесарь оқиға орнында қаза тапса, кран машинисі ес-түссіз жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
Ақмарал Қарабалиеваның айтуынша, жұмысшылар кранның бір секциясын шешкеннен кейін радиостанция арқылы "екіден шешейік, әуре болмайық" деген нұсқау берілген. Осыдан кейін кран қатты шайқалып, әйел биіктен құлап кеткен.
"Бір секциясын шештік. Кейін біреу рация арқылы “Екі-екіден шешейік, әуре болмайық!” деп айғайлады. Слесарьлардың бірі “Тәте, қазір бізді қатты шайқайды, қорықпаңыздар” деді. Кранның қатты шайқалғаны сонша, мен ұшып кеттім. Одан кейін ота үстелінде жаттым. Ауырсынуды басатын дәрілер де көмектеспейді. Кейде ауырғаны сонша, Алладан мені алып кетуін сұрадым", – деді Ақмарал Қаралиева.

Жұмыс беруші әйелге мүгедектер арбасын алып берген. Оның айтуынша, компания үш айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуге уәде еткен. Алайда краншы еңбекке қабілеттілігінен айырылғанына байланысты өмір бойы қаржылық қолдау көрсетілуін талап етіп отыр.
Ақмаралдың жақында бөліп төлеу арқылы пәтер алғаны да белгілі болды. Тұрғын үй бойынша қарызы 19 миллион теңгеден асады.
Компания оқиға мен еңбек дауына қатысты пікір білдіруден бас тартқан. Құрылыс нысанындағы күзетші ғана тілшілерге қысқаша түсініктеме берген.
Құлаған мұнаралы кран әлі де оқиға орнында жатыр. Үйінділерді жинау тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін ғана мүмкін болады. Оқиғаның мән-жайын арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр.
Астана қаласы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті бөлімінің басшысы Рустам Жандосовтың айтуынша, кранның құлау себебін анықтау үшін арнайы ұйым тартылған.
"Қазір қорытынды әлі түскен жоқ, жұмыс жүргізіліп жатыр. Қызметкер ресми түрде жұмысқа қабылданған, сақтандыру шарты бар. Тергеуден соң акт жасалып, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін сақтандыру компаниясына жіберіледі", – деді ол.
Ақмарал Қаралиеваны осы аптада ауруханадан шығару жоспарланып отыр. Енді оған бір аяғымен жүруге бейімделуге тура келеді. Мүгедектік белгіленгеннен кейін медициналық-әлеуметтік сараптама еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін анықтайды. Осы көрсеткішке байланысты жұмыс беруші оған зейнет жасына жеткенге дейін ай сайынғы төлем төлейтін болады.
Еске салайық, ақтөбелік дәнекерлеуші өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалғанын жазған едік. Қайғылы жағдай осыдан екі жыл бұрын құрылыс алаңында болған. Содан бері зардап шеккен азамат пен оның туыстары жұмыс берушіден өтемақы ала алмай келеді. Кейін сот жұмыс берушінің кінәсін 100% деп таныған. Енді зардап шеккен тарап моральдық және материалдық шығын ретінде 32 млн теңге талап етіп отыр.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды