Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терезе жуамын деп құладым": Шымкентте мұғалім жарақат алып, директордан заңды жауап талап етті

биіктен құлаған мұғалім
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте биология пәнінің мұғалімі мектепте терезе жуып жүріп, орындықтан құлап, жарақат алған. Педагогтың айтуынша, жұмыс оның еңбек шартына кірмейді. Ол мектеп басшылығына шара қолдануды талап етсе, директор мұғалімдерді терезе жууға мәжбүрлемегенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкентте мектеп мұғалімі кабинет терезесін жуамын деп биіктен құлап, жарақат алды. Орындыққа шығып, жұмысқа кіріскелі жатқан биология пәнінің мұғалімі Нұргүл Жаңғылбаева тепе-теңдігін жоғалтып, еденге құлаған. Оқиға мектептің бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Мұғалімнің айтуынша, құлағаннан кейін біраз уақыт бойы орнынан тұра алмаған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем оны ауруханаға жеткізген.

Дәрігерлер басынан жеңіл жарақат алғанын және құйымшақ тұсын ауыртып алғанын анықтаған.

"Жедел жәрдем алып кетті. Ауруханада анализдер алды, тексерді. Жатпасаңыз болмайды деп, мені жатқызып қойды. Бастан жеңіл жарақат, миым шайқалған. Одан кейін белдегі, құйымшақ сүйегім қатты ауырды", – деді Нұргүл Жаңғылбаева.

Оқиға тамыз айының соңында Мағжан Жұмабаев атындағы №39 орта мектепте болған. Мұғалімнің сөзінше, мектеп басшылығы ұстаздарға терезе жуу сияқты жұмыстарды жүктейді. Ол бұл міндеттер еңбек шартына кірмейтінін айтып, мектеп директоры мен орынбасарларына қатысты заң аясында шара қолданылуын талап етіп отыр.

"Менің талабым – заң жүзінде жауап берсе деймін. Директор мен талап еткен завучтар заң жүзінде жауап берсе деймін. Өйткені еңбек шартында кабинетті жуу, кабинетті сырлау менің міндетіме кірмейді", – деді Нұргүл Жаңғылбаева.

Мектеп директоры Бауыржан Қаработа мұғалімдерге терезелерді тазалау туралы тапсырма берілгенін растады. Алайда педагогтарды бұл жұмысқа мәжбүрлемегенін айтты.

“Кіші қызметкерлер мектептің тазалығына қарайды. Бірақ кабинет ішіндегі терезе мен терезе алды тақтайлары жуылмайды. Оны оқушыға жудыра алмаймыз, техникалық қызметкерге де жудыра алмаймыз. Сондықтан оқушы келген кезде кабинет оқу процесіне дайын тұруы керек деп айтамыз", – деді Бауыржан Қаработа.

Ал көп жылдық тәжірибесі бар ұстаз Өмір Шыныбекұлы мұндай жағдайларды педагог мәртебесіне қатысты заң талаптарының сақталмауымен байланыстырады.

"Қазір заң шығардық. Енді заңды түсінетін басшы мен заңды қолданатын мұғалім іздеп жүрміз. Өкінішке қарай, бұл құқықтық сауаттылықтың төмендігінен болып отыр", – деді Өмір Шыныбекұлы.

Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Алдын ала мәліметке сәйкес, мектептегі жөндеу жұмыстары кезінде құрылыс сатыларынан екі әйел құлап, ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында болған. Косметикалық жөндеу кезінде еден жуушы болып жұмыс істейтін екі әйел спорт залындағы төбені сырлап жатқанда шамамен бес метр биіктіктен құлап кеткен. Бірі бас-ми жарақаты мен аяқтарының ашық сынығын алса, екіншісіне омыртқаның кеуде және бел бөліктерінің компрессиялық сынығы диагнозы қойылған. Зардап шеккендердің туыстары оларды еңбек міндетіне кірмейтін жұмыстарды атқаруға мәжбүрлегенін айтып отыр.

Айым Атамбаева
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 08:34