Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Не жұмыс істейсіңдер, не кетіңдер": Петропавлдағы мектепте биіктен құлаған қызметкерлер туралы не белгілі?

Мектеп ғимараты
Фото: pkzsk.info

Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында жөндеу жұмыстары кезінде шамамен бес метр биіктен құлаған екі техникалық қызметкерге қатысты оқиғаның жаңа мән-жайы белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жергілікті білім басқармасына сұрап білді.

 

"Не жұмысты істейсіңдер, не жұмыстан шығасыңдар"

Жанна Қапарова әлеуметтік желіде өзінің әпкесі мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істейтінін және мектеп әкімшілігінің тапсырмасымен терезе жуу кезінде ауыр жарақат алғанын мәлімдеді. Желіде тараған оқиғадан кейін зардап шеккен қызметкердің туыстары бұл жағдайды өндірістегі жазатайым оқиға деп бағалап, жауаптыларды жауапқа тартуды талап еткен. Жәбірленушінің сіңлісі Жанна Қапарова оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

"Зардап шеккендердің бірі менің туған әпкем. Қазір ол омыртқасының бірнеше жері сынған күйде ауруханада жатыр. Оған шұғыл операция қажет. Оларды "не осы жұмысты істейсіңдер, не жұмыстан шығасыңдар" деп таңдау алдында қалдырған. Барлық дәлелдер тіркелген. Ең бастысы, әпкемнің аман-есен аяққа тұруы", – дейді Жанна Қапарова.

Қапарованың сөзінше, мектептің техникалық қызметкерлері өздерінің еңбек міндетіне кірмейтін қауіпті жұмыстарды орындауға мәжбүр болған. Ол бұл мәселеге мемлекеттік органдар араласуы қажет деп есептейді.

"Қазақстан Республикасының азаматы ретінде оқу-ағарту мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін осы іске назар аударуға шақырамын. Бұл ауыр өндірістік жарақат. Олар альпинист те, жөндеу бригадасының қызметкерлері де емес. Олар қарапайым әйелдер. Соған қарамастан еңбек шартында көзделмеген қауіпті жұмыстарды орындауға мәжбүр болған", – дейді ол.

Жәбірленушінің туысы оқиға салдарынан отбасы ауыр жағдайға тап болғанын айтып, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс екенін жеткізді.

"Әпкемнің кәмелетке толмаған қызы бар, ал жұбайы мүгедектігі бар адам. Меніңше, директор мен әсіресе шаруашылық меңгерушісі қызметкерлерді еңбек шартында қарастырылмаған күрделі жұмыстарды орындауға мәжбүрлеген. Бас тартқандарға "жұмыстан шығасыңдар" деген талап қойылған. Құзырлы органдар бұл жағдайды жан-жақты тексеріп, кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс", – дейді Жанна Қапарова.

Білім басқармасы шара қолданды ма?

Петропавл қалалық білім басқармасының өкілі оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, зардап шеккен екі техникалық қызметкер де ұзақ жылдан бері осы мектепте жұмыс істеген және қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр.

"Екі қызметкердің бірі мектепте 2008 жылдан, екіншісі 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. 1964 және 1966 жылы туған. Қазір екеуі де ауруханада. Екі қызметкерге де ота жасалды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған", – деді білім басқармасының өкілі.

Сондай-ақ басқарма өкілінің сөзінше, мектепте күрделі емес, косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір еңбек инспекциясының қорытындысы күтіліп жатыр.

"Мұның бәрі мектептегі әдеттегі косметикалық жөндеу жұмыстары. Оған сырлау, әктеу секілді жұмыстар кіреді. Мұндай жұмыстарды техникалық қызметкерлердің өздері атқарады. Қазір еңбек инспекциясының қорытындысын күтіп отырмыз. Қорытынды шыққаннан кейін оқиғаның қалай болғаны, кімнің жауапты екені және барлық мән-жайы анықталады", – деді басқарма өкілі.

Дәл осындай жағдай Қызылорда қаласындағы №10 мектепте де болған.

"Техникалық қызметкерлердің арасында жасы үлкен кісілерді аптап ыстықта биікке шығарып, темірлерді сырлатқан. Бұл не масқара? Техникалық қызметкерлердің міндеті – мектептің тазалығын қамтамасыз ету емес пе? Неліктен оларға өз міндетіне кірмейтін жұмыстарды жүктейді? Мысалы, әлгі бояп тұрған кісі құлап қалса, оған кім жауап береді? Неге еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталмаған? Ең болмаса еңбек қауіпсіздігі сақталса екен. Недеген сұмдық", – деп жазды желі қолданушысы.
Қызылорда облысы
Фото: threads.com желісінен скрин

Алайда аталған жағдайға байланысты Қызылорда облысының білім басқармасына сауал жолдағанымызбен, ведомство жауап беруден бас тартты.

Жаз мезгілінде тазалаушылар мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті ме?

Мектептерде техникалық қызметкерлерге еңбек шартында көрсетілмеген жұмыстарды атқаруға міндеттеу қаншалықты заңды? Осы сауалға еңбек инспекциясы редакцияның ресми сауалына жауап берді.

"Еңбек кодексінде және өзге де заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерден еңбек шартында көзделмеген жұмыстарды орындауды талап етуге тыйым салынады. Осылайша, еңбек міндеттері еңбек шартында немесе лауазымдық міндеттерде белгіленуі тиіс. Егер жұмыс беруші еңбек шартында немесе лауазымдық міндеттерде көзделмеген жұмысты орындауды талап етсе және ол заңмен негізделмесе, мұндай қосымша жұмыс үшін ақы төленуі қажет", – деп жауап берді Еңбек инспекциясы редакцияның сауалына.

Ведомствоның мәліметінше, қызметкерге негізгі жұмысымен қатар қосымша міндет жүктелген жағдайда оның ақысы заң талаптарына сәйкес белгіленуге тиіс.

"Еңбек кодексінің 111-бабының (Лауазымдарды қоса атқару, қызмет көрсету аймағының кеңеюі және уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқару (алмастыру) кезінде еңбекке ақы төлеу) 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жұмыскердің негізгі жұмысымен қатар қосымша жұмысты орындауы қызмет көрсету аймағын кеңейту болып саналады. Лауазымдарды қоса атқарғаны, қызмет көрсету аймағының кеңейгені немесе уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқарғаны үшін қосымша ақы мөлшерін жұмыс беруші орындалатын жұмыс көлеміне қарай жұмыскермен келісім бойынша белгілейді. Ал мамандық бойынша міндеттермен тікелей байланысты емес біржолғы жұмыстарды орындау кезінде мақсатты нұсқама жүргізіледі", – деп мәлімдеді еңбек инспекциясы редакцияның сауалына берген жауабында.

Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Алдын ала мәліметке сәйкес, мектептегі жөндеу жұмыстары кезінде құрылыс сатыларынан екі әйел құлап, ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында болған. Косметикалық жөндеу кезінде еден жуушы болып жұмыс істейтін екі әйел спорт залындағы төбені сырлап жатқанда шамамен бес метр биіктіктен құлап кеткен. Бірі бас-ми жарақаты мен аяқтарының ашық сынығын алса, екіншісіне омыртқаның кеуде және бел бөліктерінің компрессиялық сынығы диагнозы қойылған. Зардап шеккендердің туыстары оларды еңбек міндетіне кірмейтін жұмыстарды атқаруға мәжбүрлегенін айтып отыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 12:14