Петропавлдағы мектепте еден жуушыларды құрылыс жұмыстарын жасауға мәжбүрлеген: Екі әйел бес метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды

Петропавлда мектептегі жөндеу жұмыстары кезінде екі қызметкер бес метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған. Мектепте тазалықшы болып жұмыс істейтін екі әйел спорт залында төбені сырлап жатқан кезде құрылыс сатыларынан құлап кеткен.
54 жастағы қызметкер әйел бас-ми жарақатын, аяқтарының бірнеше жерінен сынық және ота жасауды қажет еткен ашық сынық алған. Қазір оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Ал 57 жастағы әріптесіне омыртқаның кеуде және бел бөліктерінің компрессиялық сынығы диагнозы қойылған. Ол травматология бөлімінде жатыр және оған да ота жасау қажет.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, зардап шеккендердің жақындарының наразылығына себеп болды.
57 жастағы әйелдің туысы Жанна Қапарова әлеуметтік желіде тазалықшыларды еңбек міндеттеріне кірмейтін биіктіктегі жұмыстарды орындауға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әйелдерді жұмыстан шығарамыз деп қорқытқан.
Зардап шегушінің туысы қысым көрсетудің негізгі себепкері ретінде мектептің шаруашылық меңгерушісін атады.
"Олардың бірі – менің әпкем. Қазір ол омыртқасы бірнеше жерден сынып, ауруханада жатыр. Оған шұғыл түрде ота жасау қажет. Мектептегі шаруашылық меңгерушісі өзіне көп міндет алып, оларды осындай жұмыстарды орындауға мәжбүрлейді. Адамдардың өмірі оған, бір сөзбен айтқанда, бәрібір сияқты. Ол ешкімді ойламайды, “не жұмыстан шығарамын, не жұмысты істейсіңдер” деп талап қояды. Оқу-ағарту министрлігі бұл жағдайды назардан тыс қалдырмайды деп үміттенемін! Ең бастысы, әпкемнің қайтадан аяғына тұрып кетуі" – деп жазды Жанна Қапарова.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, жөндеу жұмыстары кезінде құрылыс сатыларынан екі әйел құлап, кейін медициналық мекемеге жеткізілген. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда. Тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында егістіктерді химикаттармен дәрілеу кезінде 46 жастағы жұмысшы көз жұмғаны туралы жазған едік.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді
Оқыңыз