"300 мың теңге артық шығарған": Fortebank өз автокассасының кінәсінен қазақстандықтың шотын бұғаттап тастады

Қазақстандық ер адам Fortebank қызметіне шағымданып, заңсыз әрекет жасады деп айыптады. Ол автокассадан ақша шығарғаннан соң, банк қызметкері 300 мың теңге артық шығарылғанын, оны қайтармаса картасы бұғатталатынын айтқан. Желі қолданушысы банк қателігінен болған жайт үшін неге қиналуы керек екеніне шамданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Никита Олейник есімді тұрғын сәуірде Fortebank автокассасынан ақша шығарған. Ол банк жүйесіне сенгендіктен, ақшаны санамаған көрінеді. Ол бірден ақшаны серіктестеріне аударған. Айтуынша, олар да ер адамға сенгендіктен, ақшаны есептемеген.
Бір аптадан соң банк қызметкері қоңырау шалып, автокасса 300 мың теңге артық аударғанын айтқан.
"Мен соны растайтын қандай да бір құжат не видеожазбаларды, т.б. дәлелдерді көрсетуін сұрадым. Яғни расымен 300 мың теңге артық берілді ме, көз жеткізгім келді. Егер солай болса, қайтаруға дайынмын. Банк қызметкері "әріптестеріме айтып көремін, бірақ ақшаны қайтармасаңыз, шоттарыңыз бұғатталады" деді”, – деді Олейник.
Олейник бұл ақшаны ұрламағанын, ол банктің кінәсінен болғанын айтады.
Арада 2 ай өткен. Банк ешқандай құжат не дәлел ұсынбаған. Сол себепті ол қоңырау шалған адам алаяқ деп болжап, мән бермепті. Алайда кенет Fortebank ескертусіз шоттарын бұғаттап тастағанын айтты. Сөзінше, бұл заңға қайшы әрекет.
“Сонда ешқандай заңға сүйенбей, шотты бұғаттап тастай бере ме? Енді маған 300 мыңды қайтар, содан кейін шотыңды қолдана аласың деп отыр. Кейін белгілі болғандай құжат Fortebank офисінде болған екен. Құжатта автокассада техникалық ақау болғаны жазылған. Дегенмен соңында ақша жетіспеушілігі анықталмапты. Егер ақша жетіспеушілігі болмаса, онда банк 300 мың теңге артық берілгенін қалай білді?”, – деді ол.
Қазақстандық ер адам банктің клиентпен қарым-қатынасына, бірден бұғаттап тастағанына наразы.
Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты Fortebank-тен пікір сұрады. Банк мәселе шешілгенін және клиент ақшаны қайтарғанын айтады.
“Қосымша тексеру барысында клиент өз серіктесімен байланысқа шықты. Олар сол күні 300 000 теңге артық қаражат жіберілгенін анықтады. Олар аталған соманы клиентке қайтарған. Осыдан кейін клиент банк алдындағы көрсетілген соманы өтеді, бұл мәселе толықтай реттелді. Соған қарамастан клиент бұған дейін жариялаған жазбаларын жоюдан бас тартты”, – деп мәлімдеді Fortebank баспасөз қызметі.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді