Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Тоқаев сыйлаған сағатын сатылымға шығарды

Тоқаев сыйлаған сағат сатылым
Фото: Желі кадрларынан скрин

Желіде қазақстандық Тоқаевтан сыйға алған сағатын 2 миллион 800 мың теңгеге сатылымға шығарды. Айтуынша, болашақта бұл сағаттың тарихи құны жоғарылап, қымбаттайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айта кетсек, 2023 жылы тазы өсіруші Анна Захарова Наурыз мерекесі кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа бір жарым айлық күшік сыйлаған. Оған жауап ретінде Президент оған өз қолтаңбасы қойылған сағатты табыстаған. 24 жастағы Анна Захарова тазы өсірумен 14 жасынан бері айналысады. 

Тоқаев тазы
Фото: Ақорда

Захарова сағаттың суреті мен құнын желіге жариялады. 

“Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған сағатымды сатамын. Мен үшін бұл – естелік әрі мәртебелі сыйлық. Алайда оны тағып жүруді жоспарлап отырған жоқпын. Сондықтан мұндай дүниені шын бағалайтын адамға бергім келеді. Сағатпен бірге барлық қажетті құжаттары да бар. Бағасы — суретте көрсетілген. Ақылға қонымды саудаға келуге болады. Әлемнің кез келген еліне пошта арқылы жеткізу мүмкіндік бар”, – деп жазды хабарламада.

Қазақстандық сағат құнын 2 899 000 теңгеге бағалаған. 

“Бұл сағаттың тек коллекциялық емес, инвестициялық тұрғыдан да болашағы бар деп есептеймін. Тарихи оқиғалармен және мемлекет қайраткерлерімен байланысты дүниелер уақыт өте келе қосымша құнға ие болады. Сондықтан 10 жылдан кейін бұл сағаттың бағасы қазіргі құнынан бірнеше есе өсіп, 30 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін деп болжап отырмын. Егер мұндай мүмкіндік сізді қызықтырса, жеке хабарламаға жазыңыз. Сағаттың өзі және оның шығу тарихы туралы толық ақпарат беремін”, – деп жазды ол. 

 

Президент сағатты өзі табыстаған

Анна Digital Business-ке сағатты табыстаған сәттің видеожазбасы өзінде жоқ екенін айтты.

"Өкінішке қарай, сыйлықты табыстаған сәттің видеосы жоқ. Алайда сыйлық берілген шарадан түсірілген видеолар интернетте көп. Мен Президентке күшік сыйладым. Қазақ халқында мұндай сыйлық беру дәстүрге айналмағандықтан, маған қарымта сыйлық ретінде сағат берілді. Бұл баспасөз өкілдері кеткеннен кейін болды. Ал шараға телефон алып кіруге болмайтын", – деді ол.

@ptrkkz Асыл тұқымды тазы өсіруші Анна Захарова Президентке тазының күшігін сыйға тартты Күшіктің аты – Наурыз, 1,5 айлық. #тазы #наурыз #тркпрезидента ♬ оригинальный звук - ТРК ПРЕЗИДЕНТА

Желі қолданушылары сатылымға шыққан сағатты қызу талқыға алды. 

“Мәсімовтың ғимаратынан тәркіленген бір дүниені сатып алар едім”, “Рақмет, әрине. Бірақ мен сағат тақпаймын. Сіз оның маңызын сәл асыра бағалап отырсыз”, “Бұл сіз Тоқаевтан тазы күшігі үшін алған сағат па? Неге сақтап қалғыңыз келмейді? Оның құны шамамен 150–200 мың теңге емес пе? Неліктен 3 миллион теңге сұрап отырсыз?”, – деп жазды желі қолданушылары.  

Еске сала кетсек, қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауында үш асыл тұқымды тазы бар.

Олардың бірі – өткен жылы селекционер Анна Захарова Президентке сыйлаған қызыл түсті еркек тазы. Оған Наурыз деген ат қойылған. Иттің жасы – 1 жас 4 ай. Сонымен қатар 4 жастағы қызыл-ақ түсті Ронни және 5 жастағы ақ түсті ұрғашы Нэнси бар.

Ақорда мәліметінше, тазылар жылы вольерлері бар қоршалған аумақта тиісті жағдайда ұсталады. Олармен тұрақты түрде сертификатталған кинолог жұмыс істеп, иттерді жаттықтырып, аңшылық пен түрлі ойындарға үйретеді.

Бос уақытында Қасым-Жомарт Тоқаев тазыларымен серуендейді.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 21 Тамыз, 2026 17:44