Трамп Ресейге қарсы "адам төзгісіз санкциялар" туралы заңға қол қойды
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін бекітті. Құжат Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын елдерге, соның ішінде Қытай мен Үндістанға, 100%-ға дейін баж салығын енгізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі rtvi.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Заң Ресей президенті Владимир Путинге, жоғары лауазымды шенеуніктерге және олармен байланысты бизнес өкілдеріне, сондай-ақ банктерге, энергетика және қорғаныс секторларына қатысты шектеулерді қарастырады. Сонымен қатар Ресей мұнайын тасымалдап, санкцияларды айналып өтуге көмектеседі деп есептелетін танкерлерге де шара қолданылмақ.
Санкциялар туралы заңның бастамашысы 2026 жылғы шілдеде қайтыс болған республикашыл сенатор Линдси Грэм. Заң АҚШ президентіне Ресейдің энергетикалық ресурстарын ең көп сатып алатын бес елге 100 пайызға дейін баж салығын енгізуге құқық береді.
Владимир Зеленский Трампқа "аса маңызды заңға" қол қойғаны үшін алғыс білдірді.
"Линдси Грэм Украинаға келген сайын Ресейге қысымды әлсіретпеудің, санкцияларды күшейтудің және бейбітшілікке жол іздеудің қаншалықты маңызды екенін үнемі айтатын. Соның ішінде Ресей мұнайын сатып алатын, Ресейге қаржылық қызмет көрсететін және Путинмен әрі соғыспен байланысты ресейлік компаниялардың басқа елдердегі қалыпты іскерлік қарым-қатынасқа қайта оралуына жағдай жасайтын шешімдер қабылданатын астаналарда да қысымды күшейту қажет екенін айтатын", – деп жазды ол.

Құжат АҚШ Конгресінде қабылданған. Өкілдер палатасы заңды 16 қыркүйекте 262 дауыспен қолдаса, 159 конгрессмен қарсы дауыс берген.
Бұған дейін Сенатта құжат 86 дауыс "қолдап", 11 дауыс "қарсы" нәтижесімен мақұлданған.
Заңға сәйкес, АҚШ президенті Ресейдің мұнайы мен газын ең көп сатып алатын немесе Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесетін бес елдің тауарларына 30 күнде 100%-ға дейін баж салығын енгізе алады. Алайда ұлттық қауіпсіздік мүддесіне байланысты Дональд
Трамп бұл шектеулерді тоқтата тұру құқығына ие. Энергетика және таза ауа зерттеу орталығының мәліметінше, 2022 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы тамызға дейін Ресей мұнай экспортының 50%-ы Қытайға, 37%-ы Үндістанға тиесілі болған.
Қытай АҚШ-тың мұндай шараларына қарсылық білдіріп, халықаралық құқыққа негізделмеген заңдардың экстерриториялық қолданылуына қарсы екенін мәлімдеді. Үндістан өз кезегінде 1,4 миллиард азаматының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беретінін айтты.
Мәскеу жаңа санкциялар Украинадағы бейбіт келісімге қол жеткізу процесін қиындатуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Трамп заңға Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен Ақ үйде жоспарланған кездесуге бір апта қалғанда қол қойды.
Еске салайық, бұған дейін Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакеті аясында Қазақстанды қоса алғанда, үшінші елдердегі бірқатар компанияларға экспорттық бақылау енгізуді жоспарлағанын мәлімдеген еді. Санкциялар Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсетеді деп саналатын ұйымдарға бағытталмақ.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты