Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда мектепте оқушылар сығылысып, бір-бірін таптап кете жаздады

атыраудағы оқушылар
Фото: Видеодан скрин

Атыраудағы мектептердің бірінде оқушылардың кіреберісте жаппай сығылысып, бір-бірін таптап кетуге шақ қалған сәті видеоға түсіп қалды. Оқиға түскі уақытта болған. Кадрларды тұрғындардың бірі әлеуметтік желіге жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеода бірінші ауысым оқушылары мектептен шыға алмай, ал екінші ауысымда оқитын балалардың есікке қарай жаппай ұмтылғаны көрінеді. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары көпшіліктің арасында қозғала алмай қалған.

Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдап, мектептегі жағдайға наразылық білдірген.

Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова оқушылардың жаппай жиналуына не себеп болғанын түсіндірді.

"Оқушылардың көптеп жинақталуы сол мезетте ғана санитарлық тораптарды тазалау жұмыстары жүріп жатқандықтан уақытша орын алған қиындық. Алайда балалардың қауіпсіздігі бұл білім ордасында толықтай қамтамасыз етілген. Оқушылар күнделікті сабақ процесінде кедергісіз кіріп-шығып жүр. Оны мектеп әкімшілігі тиісті деңгейде қадағалап отыр", – деді Айнагүл Дүйсекенова.

Оқиғаға байланысты мектеп басшысына ескерту берілген. Білім бөлімі мектептегі оқушылардың қауіпсіздігі бақылауда екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін былтыр Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың телефондарын жинап алу тәртібі ата-аналардың наразылығын тудырған еді. Сабақ соңында смартфондарын қайтарып алу үшін оқушылар жаппай кезекке тұрып, мектеп кіреберісінде адам көп жиналған. Сол сәтте балалар бір-бірін таптап кете жаздаған. Ата-аналар мұндай жағдай оқушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан. Мектеп әкімшілігі жағдай жедел анықталып, осындай оқиғалардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеген.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 20 Қыркүйек, 2026 09:01