Ақтөбеде кәсіпкерді өлтірді деген күдікті ұсталды
Ақтөбеде 49 жастағы кәсіпкердің өліміне қатысты күдікті екі күннен кейін ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмның көршісі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ақтөбе облысының полиция департаменті күдіктінің қалай ұсталғаны туралы әзірге толық ақпарат берген жоқ. Белгілі болғандай, қылмысты ашу үшін Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының тәжірибелі жедел қызметкерлері Ақтөбеге жіберілген.
"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері кәсіпкерді өлтірді деген күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – Қазақстан азаматы, Ақтөбе қаласының тұрғыны", – деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.
Тергеу барысын Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жанармай бекеттерінің басшысын үйінде атып өлтіріп, көлігі мен құнды заттарын ұрлап кеткені туралы жазған едік.
Қанды оқиға 16 қараша күні таңертең қаланың элиталық шағын аудандарының бірінде болған. Марқұмның үйі биік қоршаумен қоршалып, аумағына бейнебақылау камералары орнатылған. Дегенмен қылмыскердің үйге қалай кіргені және оқиғаның қалай өрбігені әзірге белгісіз.
Көршілері таңертең атыс даусын естігенін айтқан. Ал әлеуметтік желіде күдіктінің қылмыстан кейін кәсіпкердің көлігіне мініп, ізін суытқаны туралы ақпарат тарады. Кейін автокөлік Ресейге қарай бағытталған Богослов тасжолынан табылған деген болжам бар. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай