Рината Сұлтанова Азиада-2026 ойындарында қоржынға алғашқы алтынды салды
Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында әйелдер арасындағы жеке уақыт жарысында топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
Спортшы әйелдер арасындағы шосседегі жеке уақыт жарысында 24,2 шақырым қашықтықты 36:23.72 нәтижесімен бірінші болып аяқтады.
Екінші орынды Қытай спортшысы Чжан Хао 36:28.40 нәтижесімен иеленсе, қола медаль Оңтүстік Корея өкілі Шин Чиынға бұйырды. Оның нәтижесі – 36:56.14.
Рината Сұлтанова үшін бұл – екінші Азиада. 2022 жылы Ханчжоуда өткен ойындарда дәл осы бағдарлама бойынша қола жүлде алған. Ал 2026 жылы жеке уақыт жарысында Азия чемпионы атанған. Осылайша, Сұлтанова Қазақстан құрамасына Азиада-2026-дағы алғашқы алтын медальді сыйлады. Бұған дейін Арлан Жанабай ерлер арасындағы триатлоннан қола жүлде иеленген.
Азия ойындары Айти және Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Қазақстан атынан жарысқа 558 спортшы қатысып жатыр.
Еске салайық, 2026 жылдың ақпанында Сауд Арабиясының Әл-Қассим қаласында өткен Азия чемпионатында Рината Сұлтанова уақытқа жарысудан чемпион атанған. Ол 20 шақырымдық қашықтықты ең үздік нәтижемен аяқтап, алтын медаль иеленді.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты
