Елена Рыбакина Соболенконы жеңіп, Америка ашық чемпионатының жеңімпазы атанды

Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
US Open турнирінің финалдық кездесуінде қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті. Кездесу Рыбакинаның жеңісімен аяқталды — 6:4, 5:7, 6:2.
Теннисшілер кортта 2 сағат 23 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена 12 эйс жасап, бес қос қателікке жол берді және 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Осылайша Рыбакина мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанды.
Нью-Йорктегі бұл титул Елена үшін жекелей сында "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атақ болды. Қазақстандық теннисші осы санаттағы алғашқы жүлдесін 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алды. 2026 жылдың басында Рыбакина Australian Open чемпионы атанса, енді өз жүлделер топтамасын АҚШ ашық чемпионатының титулымен толықтырды.
Тоқаевтың құттықтауы
Айтулы жеңістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны құттықтады
“Бұл – Сіздің әлемнің бірінші ракеткасы атағына лайық екеніңізді растайтын тамаша табыс. Сіз тағы да асқан шеберлік пен табандылық танытып, жоғары мәдениетіңізбен көпшілікті тәнті еттіңіз. Қазақстан халқы жетістіктеріңізді мақтан тұтады. Ерен жеңісіңіз жаңа белестерді бағындыруға жол ашсын! Сіздің кәсібилігіңіз Қазақстанның жас теннисшілері үшін үлгі-өнеге”, – делінген құттықтауда.
Жүлде қоры
Рыбакинаға чемпиондық атақпен қатар, 5,5 миллион доллар көлемінде жүлде табысталды. Бұған дейін әлемде бірде-бір теннисші бір турнирдегі жеңісі үшін мұндай көлемде сыйақы алмаған.
Осылайша Елена Рыбакина бір турнирдегі жүлде көлемі бойынша өзінің рекордын жаңартты. Былтыр WTA қорытынды турнирінде жеңіске жеткені үшін ол 5 миллион 235 мың доллар алған еді. Қазақстандық теннисшінің биылғы маусымдағы нәтижелеріне келсек, қаңтар айында ол Australian Open турнирінде, ал сәуірде Штутгарттағы жарыста жеңімпаз атанды.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы