Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамптың даулы мәлімдемелерінен соң АҚШ пен Дания Гренландия бойынша келісімге келді

келісім
Фото: Ritzau Scanpix / AFP

АҚШ пен Дания Гренландия қауіпсіздігіне қатысты келісімге келгенін мәлімдеді. Осылайша Дональд Трамптың аралды күшпен басып алу туралы мәлімдемесінен кейін туындаған дипломатиялық дау реттелді. Тараптар келісімге келесі аптада қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дональд Трамптың айтуынша, келісім АҚШ-қа Гренландияның қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде тұрақты бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

Дания премьер-министрі Метте Фредериксен келісім Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы ортақ қауіпсіздікті нығайтатынын айтты. Сонымен қатар құжат Дания корольдігінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, Гренландия халқының өзін-өзі анықтау құқығын мойындайды.

Фредериксен келісімнің нақты тармақтарын түсіндірмеді. Оның айтуынша, құжатқа келесі аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қол қойылады. Алайда келісім күшіне енуі үшін заң шығарушылардың мақұлдауынан және қажет парламенттік рәсімдерден өтуі керек.

Трамптың бірнеше ай бойы Гренландияны "басып алу" туралы мәлімдемелерінен кейін келісімге қол жетті. АҚШ президенті аралдың стратегиялық орналасуы мен пайдалы қазбалары АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды, деп мәлімдеген. 

Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында бұл келісім АҚШ-қа ешқандай шығын әкелмейтінін жазған. Оған қоса Вашингтонға Гренландияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрі қорғау үшін "қажет шаралардың бәрін жасауға" мүмкіндік беретінін жазды.

“АҚШ Дания және Гренландиямен келісімге келгенін қуана хабарлаймын. Бұл келісім АҚШ-қа Гренландияның қауіпсіздігі мен басқа да мәселелерін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. АҚШ үшін бұл ешқандай шығынды талап етпейді”, – деп жазды Трамп.

18 қыркүйекте жасалған келісім АҚШ-тың Гренландиядағы әскери күшін арттыруды көздейді. Сонымен қатар Қытай мен Ресейдің аралда әскери база құруына немесе стратегиялық инвестиция салуына жол бермеу қарастырылған. Келісім бойынша АҚШ Гренландияда әскери күш ұстауға, әскери базалар орналастыруға және аралдың әуе кеңістігін пайдалануға мүмкіндік алады.

Істің мән-жайы

Гренландия төңірегіндегі дау бірнеше айға созылды. 2026 жылы 21 қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда Дональд Трамп АҚШ-тың Гренландияны сатып алуына қатысты "шұғыл келіссөздер" жүргізуге шақырды. Бұл бастама Еуропада алаңдаушылық туғызып, Дания мен Гренландия егемендігіне қатысты пікірталас күшейді.

Кейін АҚШ пен Дания Гренландиядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөздерді жалғастырды. Мамыр айында тараптардың аралда америкалық әскери инфрақұрылымды кеңейту мүмкіндігін талқылап жатқаны туралы ақпарат тарады.

Жыл басынан бері Америка және дат өкілдері бірнеше рет кездескен. Келіссөздердің негізгі мәселелерінің бірі — АҚШ-тың Гренландиядағы әскери мүмкіндіктерін кеңейту және Ресей мен Қытай сияқты елдердің аралда әскери немесе стратегиялық ықпалын күшейтуіне жол бермеу болды.

12 мамырда Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ-пен келіссөздерде “дұрыс бағытта белгілі бір қадамдар жасалғанын” айтты. Сол кезде америкалық тарап Гренландияны АҚШ-тың бақылауына беру мәселесін келіссөздердің ресми тақырыбы ретінде көтермегені хабарланған.

18 қыркүйекте АҚШ, Дания және Гренландия жаңа қауіпсіздік келісіміне келгенін хабарлады. Құжат АҚШ-тың аралдағы әскери мүмкіндіктерін кеңейтуге және өзге мемлекеттердің әскери база орналастыруына шектеу қоюға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу оның стратегиялық орналасуы мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды пайдалы қазбалар қорының молдығына байланысты АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген еді. Артынша Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 19 Қыркүйек, 2026 18:22