Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық дәрігер "жалған науқастар" арқылы 682 миллион теңге алып келген

борис чен
Фото: Борис Чен / Михаил Козачковтың желідегі парақшасынан

Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, Астанада 53 жастағы клиника иесі Борис Чен медициналық көмек көрсетілгені туралы жалған мәлімет енгізген. Сөйтіп мемлекеттен 682 миллион теңге алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

53 жастағы медициналық клиникалардың иесі Борис Чен бірнеше жыл бойы медициналық қызмет көрсетілгені туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттен көрсетілмеген қызметтер үшін 682 миллион теңге алған.

Астанада оның ісі бойынша сот үкімі шықты. Чен дәрігер-уролог болып жұмыс істеген, кейін жеке медициналық клиникалардың иесіне айналған. Кейін ол шалғай елді мекендерге медициналық көмек көрсететін медициналық пойыз жобасына қатысқан.

Жоба Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландырылған. Медициналық қызметтер үшін төлем алу мақсатында Ченнің қарамағындағылар Қазақстан азаматтарының деректерін пайдаланып, базаларға іс жүзінде медициналық көмек алмаған адамдардың аты-жөні мен ЖСН-дерін енгізген.

Осы схема арқылы мемлекетке 682 миллион теңге шығын келген. Чен кінәсін мойындап, сот басталғанға дейін оның 545 миллион теңгесін өтеген. Қалған 137 миллион теңге өтелмеген.

Сотта ол Испаниядағы үйі, Астанадағы пәтері және "Lexus" көлігін қылмыстық жолмен таппағанын айтып, мүлкін тәркілемеуді сұраған.

Алайда сот Борис Ченді 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар одан қалған 137 миллион теңге өндіріліп, көлігі мен Валенсиядағы коттеджі тәркіленді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін шілде айында Түркістан облысында стоматологиялық клиникаға қатысты осындай схема анықталған еді. Үш тіс дәрігері жүйеге 43 мың жалған науқасты енгізіп, балалар мен жүкті әйелдерге қызмет көрсетілгендей көрсеткен. Соның салдарынан мемлекетке 203 миллион теңгеден астам шығын келген. Іс сотқа жолданған.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 20 Қыркүйек, 2026 09:31