Қазақстанда азық-түлік бағасы екінші ай қатарынан төмендеді: Қай өнім түрлері арзандады?
Қазақстанда азық-түлік бағасы екінші ай қатарынан төмендеп келеді. Мұны Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, азық-түлік инфляциясы екінші ай қатарынан төмендеп, дефляция деңгейі 0,1% болды. Бағаның өсу қарқынының баяулауына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арзандауы да әсер еткен.
Жыл басынан бері бұл өнімдердің бағасы 1,8% өскен. Былтыр осы кезеңде өсім 8,3% болған. Демек биыл бағаның өсу қарқыны 4,6 есе баяулаған.
Министрлік хабарлауынша, өткен аптада қант 2,4%, пияз 1,7%, алма мен сәбіз 0,9%, күріш 0,5%, қой еті 0,4% арзандаған.
Ал нан, макарон өнімдері, сары май, тұз және шай бағасы өзгеріссіз қалған.
Сонымен қатар күннің суытуына байланысты кейбір көкөністер қымбаттаған. Атап айтқанда, қияр бағасы 4,6%, қырыққабат пен қызанақ 3,7%, картоп 2,4% өскен. Қыста және көктемде жылыжайда өсірілетін көкөністер бағасын тұрақтандыру үшін өндірушілермен арнайы меморандум жасасу жоспарланып отыр екен.
Министрлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізіп, бағаны ұстап тұруға болатынын айтты. Онда өнімдер делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатылады.
Бұдан бөлек, 17–27 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде Bereke Fest және Республика күніне арналған жеңілдіктер науқаны өтіп жатыр. Оған 649 сауда нысаны қатысады. Тұтынушылар күнделікті қажет тауарлар мен сұранысқа ие азық-түлік өнімдерін 50%-ға дейінгі жеңілдікпен сатып ала алады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда теңгенің нығаюы импорттық тауарлардың құнын төмендетуге ықпал еткенімен, дүкендердегі азық-түлік бағасы дәл сондай деңгейде арзандамағаны айтылды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны бағаның өсуінен кейін бұрынғы деңгейіне сирек қайтатын ерекшелігімен түсіндірді. Оның айтуынша, ұлттық валютаның нығаюы тауарлардың қымбаттауын тежеуге көмектесіп отыр.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр
