"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр
Төрт жыл бұрын Арайлым Ақтаудан Алматыға үлкен үмітпен көшіп келген. Ақтауда мұздатылған қамыр өнімдерін шығаратын кәсібі, он шақты жұмысшысы болған. Ол халқы көп, нарығы үлкен қалада өндірісін кеңейтіп, табысын еселеймін деп ойлаған. Осы мақсатпен бар жинағын салған. Алайда бүгінде кәсіпкер өндірісін дамытудан бұрын, оны сақтап қалудың жолын іздеп жүр. Арайлым Stan.kz тілшісіне Алматыда кездескен қиындықтарын, ірі сауда желілеріне шығуға жасаған талпынысын және неліктен кейде кәсібін жабу туралы ой келетінін айтып берді.
Ақтаудан басталған кәсіп
Арайлым мұздатылған қамыр өнімдерін шығаруды Ақтауда бастаған. Сөзінше, ол кезде айлық табысы 4 миллион теңгеге жеткен. Командасында он шақты адам жұмыс істеген. Жергілікті супермаркеттерге өнімін ұсынғанда, сөрелерінен орын табылғанын айтады.
Сондықтан Алматыға көшу оған кәсібінің келесі қадамы болып көрінген. Үлкен қалада тұтынушы да, өнімін ұсынатын сауда орны да көп болады деп сенген. Бірақ көшіп келгеннен кейінгі жағдай күткенінен өзгеше болып шыққан.
“Өз өніміңді супермаркеттерге алып барсаң, бізге бір сөре беріп, заттарыңды орналастыруға рұқсат береді және оны жалға алмайсың. Алматыда өз кәсібімдегі табысымнан 5 есе көп табамын деп ойладым. Бірақ қала мен келгеннен мүлдем басқаша болды. Бұл жерде барлығы қымбат. Маркеттерге барсаң, электронды почтаға тауарының таныстырылымын жібер дейді де, ешқандай да жауап бермейді”, – деді Арайлым.
Кәсіпкер бар жинағын Алматыдағы өндірісіне салған. Алайда жалға алу ақысы, қызметкерлердің жалақысы, коммуналдық төлемдер, ұн, май мен қаптамаға кететін қаражат шығынды көбейткен. Оның айтуынша, тапқан ақшасының бәрі дерлік осы қажеттіліктерді өтеуге жұмсалады.
Жеткізу де бөлек қиындыққа айналған. Жүргізуші бір күнде он шақты сауда нүктесін ғана аралап үлгереді. Ал әр жеткізу өнімнің өзіндік құнына қосылады.
Сөреге жетпеген өнім
Арайлым екі жылдан бері ірі сауда желілеріне өнімін өткізуге тырысып жүргенін айтады. Бірақ таныстырылым жіберіп, жауап күткеніне қарамастан, әзірге келісімге келе алмаған.
Кәсіпкердің сөзінше, кейбір сауда желілері оның өнімін қымбатсынған. Ал дүкендердегі Ресей мен Қырғызстаннан әкелінген ұқсас тауарлардың бағасы әлдеқайда төмен екенін байқаған. Ол Қазақстанның өнімнің сөрелерде болмайтынына наразы.
“Менің тауарларымды қымбатсынды. Маркеттегілер көбіне арзан тауарларға жүгіреді. Ал арзан тауарлар Қытай, Ресей және Қырғызстаннан келетін тауарлар”, – деді кәсіпкер.
Осылайша, Арайлым үшін өнімді дайындаудан бөлек, оны дүкен сөресіне жеткізу де күрделі мәселеге айналған. Сауда желілері төмен баға сұрайды. Ал кәсіпкер қазіргі шығындарын ескергенде, өнімін одан әрі арзандату қиын екенін айтады.
Әкімдіктен де қолдау іздеген
Арайлым мәселені шешуге көмектесер деген үмітпен қала әкімдігіне де барған. Оның айтуынша, әкімдіктегілер тауарды қабылдау немесе қабылдамау сауда желілерінің өз еркінде екенін түсіндірген. Оларды өнім алуға мәжбүрлей алмайтынын жеткізген.
Кәсіпкердің пікірінше, отандық өндірушілерге сауда желілерімен жұмыс істеу шарттарын жеңілдету қажет. Ол сөреге орналасу мен түрлі бонустарға байланысты шығындар азайса, шағын өндірістерге қолдау болар еді деп есептейді.
“Біздің қазақстандық супермаркеттер біздің қазақстандық өндіріске ретробонустарын, акциялық бонустарын азайтса және сөрелерін тегін берсе, жақсы болар еді”, – деді кәсіпкер.
Бағаны түсіруге не кедергі?
Сауда желілері Арайлымға өнімін арзандатуды ұсынған. Бірақ кәсіпкер бағаның артында ұн, май және өзге де ингредиенттердің құны тұрғанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда шикізат қымбат, ал сападан үнемдегісі келмейді.
“Мен тауарымның сапасына қараймын. Арзан ингредиент алсам, клиенттің асқазанына қыжыл бермеу керек деп есептеймін. Табиғи өнімдермен арзан бағаға тауар жасау мүмкін емес”, – деді Арайлым.
Кәсіпкер өнімінің бағасын ҚҚС-пен және ҚҚС-сыз бөлек есептейтінін жеткізді. Дегенмен келіссөздерде баға мәселесінен бөлек те кедергілер кездеседі. Бір сауда орны өнімді қымбатсынса, енді бірі сөреде орын жоқ екенін айтқан.
“Менде баға ҚҚС-мен және ҚҚС-сыз болып екі бөлінеді. Соған қарай баға қоямын. Ал сауда желілерімен келіссөздегі қиындықтың басым көпшілігі бағамен болады. Одан кейін сөрелерде орын жоқ, келер жылы хабарласыңыз деген сынды сөздерді жиі естимін”, – деді кәсіпкер.
"Төрт жыл аз уақыт емес қой"
Ақтауда Арайлымның командасында он шақты адам болса, қазір бес жұмысшысы бар. Ол өндірісті жабу туралы ойлағанын да жасырмайды. Әсіресе, тапқан қаражаттың бәрі шығынға кетіп, пайда көрмеген кезде мұндай ой келетінін айтады.
Дегенмен осы кәсіпке жұмсаған еңбегі мен үміті оны жұмысын жалғастыруға жетелейді. Арайлым өз оқиғасын айтқандағы мақсаты біреуді кінәлау емес екенін жеткізді. Ол қазақстандық өнім шығаратын шағын кәсіпкердің қандай қиындықтарға тап болатынын көрсеткісі келген.
“Мен ешкімді кінәлап, біреуді жамандауды мақсат еткен жоқпын. Тек өз басымнан өтіп жатқан жағдайды ашық айттым. Төрт жыл аз уақыт емес қой. Осы іске қаншама еңбегім мен үмітімді салдым. Өзім шығарған өнімнің дамығанын, еңбегімнің нәтижесін көргім келеді. Мен барлық салықты төлеп отырмын. Бар айтарым қазақстандық сеттер, қазақстандық өнімдерді қабылдаса екен деймін”, – деп сөзін қорытындылады.
Арайлым әзірге бес адамнан тұратын командасымен өндірісін жалғастырып келеді. Төрт жыл бұрын Алматыға кәсібін кеңейту үшін келген кәсіпкер әлі де өнімін ірі сауда желілеріне өткізіп, еңбегінің нәтижесін көруден үмітті.
Тоқаев отандық өндірушілерді қорғау қажеттігін айтқан
Отандық кәсіпкерлердің өнімін нарыққа шығару мәселесі бұған дейін де мемлекеттік деңгейде көтерілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықтағы ұлттық бизнестің мүддесін қорғау қажеттігін атап өткен.
Ал 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент қазақстандық тауарлардың дүкендерге кедергісіз шығарылуын қамтамасыз етуді тапсырған.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2026 жылғы 20 қазаннан бастап сауда желілерінде отандық тауарлардың міндетті үлесіне қатысты жаңа талаптар күшіне енетінін мәлімдеді. Енді қазақстандық өнімдерге әрбір тауар санаты мен кіші санаты бойынша сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызын бөлу міндеттеледі. Яғни отандық өнімдердің үлесін дүкендегі жалпы тауар көлемімен ғана есептеу жеткіліксіз: бұл талап әр санатта жеке орындалуға тиіс.
Сондай-ақ қазақстандық тауарлар тұтынушыға оңай көрінетін әрі қолжетімді жерлерге, соның ішінде сөрелердің орталық бөлігіне, көз деңгейінде орналастырылуы керек. Олардың тұрған орны "Қазақстанда жасалған" деген жазумен белгіленуге тиіс.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр