Қазақстанда енді отандық өнімдер үшін дүкендер мен онлайн алаңдарда арнайы орын ұсынылады

Қазақстанда енді отандық өнімдерге басымдық беріліп, оларға арнайы сөрелерден орындар бөлінеді. Сонымен қатар онлайн электрондық сауда алаңдарын шығарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімге қолдаудың аз екенін сынады.
"Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды. Оның ішінде жалдау ақысының жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес", – деді Бектенов.
Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және "Атамекен" палатасымен бірлесіп, тауарлардың барлық санаттарын, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсынудың нақты тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Сонымен қатар Премьер-министр қазақстандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғау қажеттігін атап өтті.
"Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, атап айтқанда, азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар орын алуда. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір – бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, “Қазақстанда жасалған” ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін",
— деп атап өтті ол.
Үкімет "Қазақстанда жасалған" ұлттық брендін дамытуға басымдық беріп отыр. Сауда және интеграция министрлігіне бір ай ішінде осы брендті қолдау бағдарламасын әзірлеу, сұранысқа ие тауар санаттарын анықтау және отандық өнім үлесін арттыру бойынша нақты көрсеткіштер белгілеуді тапсырылды.
Кейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде отандық өнімдерді көбірек ілгерілету мақсатындағы жұмыстар туралы мәлімдеді. Айтуынша, Ұлттық талдау орталығымен бірлесіп, отандық өнімді ілгерілету үшін тұтынушылық маркетингтің заманауи құралдары енгізілді.
"Отандық тауарлар сауда орындарының ең сұранысқа ие сөрелерінде орналастырылып, “Қазақстанда жасалған” белгісімен таңбаланады. Бұл отандық тауарларға сұранысты арттырады. Оған қоса жаңа өндірушілер үшін сөрелер мен “жасыл сөрелер” көзделген", – деді Арман Шаққалиев.
Осыған ұқсас талаптар Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ және тағы басқа отандық электрондық сауда алаңдарында енгізілуде.
“Бұдан бөлек, отандық өндірушілердің сауда инфрақұрылымына тең қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Заңмен сауда желілерінің отандық өндірушілермен жеткізу шарттарын жасасудан негізсіз бас тартуы тыйым салынды. Сауда желілерімен жыл сайын меморандумдар жасалады. Онда отандық өнімді ілгерілету жөніндегі нақты міндеттемелер қамтылған”, – делінген хабарламада.
Ірі сауда нысандары мен базарлар үшін жалдау ақысын қалыптастырудың ашық ережелері белгіленді. Оны жылына бір рет ғана қайта қарауға болады. Жыл соңына дейін отандық өндірушілерді сауда желілерімен тікелей байланыстыратын QazTrade Retail цифрлық платформасын іске қосу жоспарланған.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді
Оқыңыз