Бензин құйып жатқанда өрт шыққан: Ақтөбеде денесінің 85%-ы күйген жұмысшы көз жұмды
Ақтөбе облысында жұмыс кезінде денесінің 85%-ы күйіп қалған теміржолшы қайтыс болды. 46 жастағы Жұбандық Дүйсембаевтың өмірін дәрігерлер бір апта бойы сақтап қалуға тырысты. Десе де аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KTK арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 13 қазанда Шалқар ауданында болған. Жұмысшылар 200 литрлік бөшкеден бензин құйып жатқанда, кенеттен өрт шыққан. Салдарынан 23 және 46 жастағы екі ер адам қатты күйік алған.
Зардап шеккендер санитариялық авиациямен ауданнан облыс орталығына жеткізілген. Оларды емдеуге Астанадан да мамандар тартылған. Алайда жансақтау бөлімінде бір апта жатқан Жұбандық Дүйсембаев қайтыс болды.
Ал денесінің 40%-ы күйген екінші жұмысшы Астанаға жеткізілген.
Ақтөбедегі №1 көпбейінді аурухананың травматолог дәрігері Нұрлан Әбішевтің айтуынша, зардап шеккендердің бірін емдеу үшін елордаға жіберуге тура келген. Ал екіншісінің жағдайы тым ауыр болған.
“Науқастардың бірін санитариялық авиациямен Астанаға жібердік. Екінші науқастың денесінің 85%-ы күйген. Өкінішке қарай, ол қайтыс болды”, – деді дәрігер.
Оқиғаға қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін 20 қазанда Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында сақтандыру бекітпесін орнату жұмыстары кезінде тау-кен массасы опырылып, ұңғылаушы қаза тапқаны туралы жазған едік.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр
