Ақтөбе облысындағы шахтада 24 жастағы кен қазушы қаза тапты
20 қазанда Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында сақтандыру бекітпесін орнату жұмыстары кезінде тау-кен массасы опырылып, ұңғылаушы қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазхром" ТҰК" АҚ мәліметінше, ұңғылаушы ауыр жарақат салдарынан көз жұмған.
Оқиға туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабар берілді. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Желіде болған оқиғаны хронологиясы жарияланды.
- 23:37 – шахтада болған оқиға туралы хабарлама түсті.
- 23:45 – зардап шеккен адамды эвакуациялау үшін оқиға орнына топ келді.
- 23:59 – зардап шеккен адам шахтаның оқпан аузына жеткізілді.
- 00:07 – зардап шеккен адамды СК-3 көлігімен тасымалдау басталды.
- 00:10 – зардап шеккен адам орталық аудандық ауруханаға жеткізу үшін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Ауруханаға түскеннен кейін қолда бар мәліметтер бойынша, медицина қызметкерлері зардап шеккен адамның қайтыс болғанын анықтады.
Комбинат басшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Компания отбасына қажетті көмек көрсетеді.

"Қазхром" ТҰК" АҚ – феррохром өндіретін жетекші компаниялардың бірі әрі Қазақстандағы ірі жұмыс берушілердің қатарында. 1938 жылы Ақтөбе облысында хром кенін өндіру және байыту мақсатында Донской тау-кен байыту комбинаты құрылды. Кәсіпорын Оңтүстік Кемпірсай хромит кен орнының негізінде жұмысын бастады. Қазір компания бөлімшелерді жаңғыртуға, кен өндіру көлемін арттыруға және ферроқорытпа өндірісін ұлғайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Бұған дейін "Қазақмыс" кенішінде қаза тапқан кеншінің жақындары барлық кінәлінің жауапқа тартылмағанына наразы екенін жазған едік. 17 ақпанда "Қазақмыс" корпорациясының Жомарт кенішіндегі апат жеті кеншінің өмірін қиды. Марқұмның туыстары әлі де тергеу қорытындыларын түсіне алар емес.
"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 баллды қалай алғанын айтып берді