"Жылу берілгенімен пәтер іші аяз": Щучинскідегі "комфорт-кластағы" жап-жаңа үйдің тұрғындары тоңып отыр
Ақмола облысы Щучинск қаласында жаңадан салынған көпқабатты үйдің тұрғындары жылу мәселесін шеше алмай жүр. Үйге жылу ресми түрде берілгенімен, пәтерлер әлі суық. Тұрғындар коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп отырса да, үйді жылыту үшін қосымша электр құрылғыларын пайдалануға мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Азамат Жақыпов жаңа үйге көктемде көшіп келген. Алайда қуанышы ұзаққа созылмаған. Күздің алғашқы суығымен бірге пәтердің іші де салқындай бастаған. Жылу үш апта бұрын берілген. Десе де содан бері үйдің температурасы айтарлықтай көтерілмеген.
Балалары тоңбас үшін Азамат кондиционерді үнемі қосып қоюға мәжбүр екен. Ол жайлы санаттағы баспана сатып алғанымен, қазір пәтерінде қалыпты жылу жоқ екеніне наразы.
“Жылыту маусымы басталғалы үйіміз дұрыс жылынған жоқ. Батареялар суық. Алғашқы екі батарея сәл ғана жылы, қалғандары қазір мүлде суық. Күн сайын ауасын шығарамыз, бірақ одан еш нәтиже жоқ. Кондиционермен үйдің температурасын 18 градустан сәл асырамыз. Кешке жылы ауа үрлеу режимін қосамыз. Үйде киіммен жүреміз, еден де, айналаның бәрі де суық”, – дейді тұрғын.
Пәтерлердің суық болуы тұрғындардың қалтасына да салмақ салып отыр. Олар жылу ақысымен қатар электр энергиясы үшін де қомақты қаражат төлеуге мәжбүр. Ал мәселенің нақты себебін ешкім түсіндіріп бере алмай отыр екен.
“Біз барлық тиісті мекемеге жүгіндік. Бірақ әрқайсысы мәселе өздеріне байланысты емес екенін айтады. Қазір бәріміз электр құрылғылары арқылы жылынуға мәжбүрміз. Бұл отбасыларға қосымша қаржылық салмақ түсіріп отыр”, – дейді тағы бір тұрғын Александр Булгаков.
Құрылыс компаниясының басшысы тұрғындардың шағымынан хабардар екенін және мәселенің себебін анықтауға тырысқанын айтты. Арнайы комиссия жылу дұрыс берілмейтін пәтерлерді аралап, кейбір тұрғындар жөндеу жұмыстары мен қайта жоспарлау кезінде жылыту жүйесін өзгертіп, оның қалыпты жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деген қорытындыға келген.
“Менің ойымша, кей тұрғындар пәтеріндегі жылыту жүйесін өз бетінше өзгертіп, оның жұмыс тәртібін бұзған. Мамандарымыз шағым түскен пәтерлерге барып, жағдайды видеоға түсірді. Кейбірінде жылыту жүйесі толығымен өзгертілген: қосымша батареялар орнатылып, олар лоджияға шығарылған”, – деді құрылыс компаниясының басшысы Денис Симонов.
Ал коммуналдық қызмет өкілдері қазандықтан жылу белгіленген талаптарға сай беріліп жатқанын мәлімдеді. Басқа нысандарда мұндай мәселе болмаған. Сол себепті мамандар жылудың дәл осы үйдегі пәтерлерге не себепті жетпей жатқанын анықтап жатыр.
“Қазір осы қазандықтан жылу алатын нысандардың ішінде мәселе тек осы үйде болып отыр. Егер ақау қазандықта немесе жылу желілерінде болса, басқа ғимараттарда да осындай жағдай байқалар еді. Сондықтан мәселе механикалық ақауға байланысты болуы мүмкін. Қазір арнайы бригада осы үйге келетін құбырлардағы бекіту арматураларының әрқайсысын тексеріп жатыр”, – деді “Жаңа тұрмыс 2020” ЖШС директоры Асхат Ілдебаев.
Мамандар үйдің жобасында арнайы жылу сорғысы қарастырылғанын да анықтаған. Алайда оның неліктен әлі орнатылмағаны белгісіз. Құрылыс компаниясы қажет жабдықты орнатуға уәде берді.
Тұрғындар осы жұмыстар мәселені шешіп, үйді алғашқы қатты аязға дейін жылытуға мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр