Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық дәрігерлер Республика күніне сыйақы берілмегеніне жаппай наразы болды: Сыйақыны кімдер алады

 
Дәрігер
Фото: Freepik.com

Республика күні қарсаңында бірқатар медицина қызметкері әлеуметтік желіде мерекелік сыйақы берілмейтініне наразылық білдірді. Олар өзге сала қызметкерлері сыйақы алып жатқанда, өз еңбектерінің жеткілікті бағаланбай отырғанын айтады. Ал Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қызметшілерге сыйақы мерекеге байланысты автоматты түрде тағайындалмайтынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

 

Сыйақы ала алмаған мұғалімдер мен дәрігерлер

Threads әлеуметтік желісінде медицина қызметкерлері Республика күніне орай сыйақы берілмейтініне наразылық білдіріп жатыр. Олар мереке қарсаңында өзге сала қызметкерлеріне сыйақы төленіп жатқанын айтып, медицина мамандарының еңбегі неге ескерусіз қалатынын сұраған.

Талқылауға қосылған қолданушылардың бірі мұғалімдерге де мереке күндері сыйақы берілмейтінін айтып, бұл жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді. Енді бірі медицина қызметкерлерінің жалақысы атқаратын жұмысы мен мойнындағы жауапкершілігіне сай келмейтінін атап өтті. Жазба авторлары күн сайын адам өмірі мен денсаулығы үшін еңбек ететін мамандарға алғыс айтумен шектелмей, нақты қаржылай қолдау көрсету қажет деп есептейді.

оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

Денсаулық министрі Ақмарал Әлназароваға арналған жазбаларда қолданушылар медицина қызметкерлерінің күн сайын адам өмірі мен денсаулығына жауапты екенін, соған қарамастан мерекелік сыйақыдан жиі қағылатынын айтқан. Олар өзге сала мамандарына сыйақы төленіп жатқанда, дәрігерлер мен мейіргерлердің еңбегі неге тиісті деңгейде бағаланбайтынын сұрап, бұл мәселеге назар аударуды талап еткен.

Сонымен қатар қолданушылар медицина қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігін көтерген. Олардың пікірінше, мамандардың еңбегін алғыс пен құттықтаумен ғана бағалау жеткіліксіз, оған нақты қаржылай қолдау қажет. Кейбір жазба авторлары әріптестерін өз құқықтарын қорғауға, атқаратын жұмысы мен жауапкершілігіне сай жалақы және қолайлы еңбек жағдайын талап етуге шақырған.

оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желіде өзге сала қызметкерлерінің мерекелік сыйақы алғаны туралы жазбалар да жарияланған. Олардың бірінде теміржолшыларды сыйақы алуымен құттықтаса, енді бірінде банк картасына 340 мың теңгеден астам қаражат түскені көрсетілген.

оооооо

Фото: Әлеуметтік желіден

Сонымен қатар, суретте медицина саласындағы ғылыми орталық қызметкерінің шотына 23 400 теңге аударылғаны көрсетілген. 

Алайда бұл сомалардың қандай негізде есептелгені және нақты қандай төлем екені туралы толық мәлімет берілмеген.

Редакция медицина қызметкерлеріне Республика күніне орай сыйақы төлеу тәртібін түсіндіруді сұрап, Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте министрліктен жауап түскен жоқ.

Сыйақыны кім алады?

Ұлттық экономика министрлігі қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, күрделі тапсырмаларды шешкені және жұмыс нәтижелерін бағалау қорытындысы бойынша сыйақы тағайындалуы ықтимал. Бұл туралы шешімді әр мемлекеттік органның басшылығы өз бетінше қабылдайды. Сыйақы төлеу үшін бюджетте арнайы қаражат қарастырылмайды. Төлемдер әкімшілік шығыстардың белгіленген шектеулі тізімі бойынша расталған үнемделген қаражат есебінен ғана жүзеге асырылады. Басқа шығындардан үнемделген қаражатты сыйақы төлеуге пайдалануға рұқсат етілмейді. Бұл талаптардың сақталуын мемлекеттік аудит органдары бақылайды.

Сыйақы алған қызметкерлердің нақты саны мен оларға төленген сомалар туралы мәліметтер әр ведомствоның ішкі ақпаратына жатады. Ал сыйақының негізді берілуіне мемлекеттік органдардың басшылары жауапты.

Еске сала кетейік, Қазақстанның бірқатар өңірінде мүгедектігі бар азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Төлем мөлшері 12 975 теңгеден басталып, кейбір санаттар үшін 259 500 теңгеге дейін жетеді. Қаражаттың кімдерге және қашан төленетіні тұрғылықты жеріне байланысты.

Ислам Әден
Жұма, 23 Қазан, 2026 16:43