Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк басшысы зейнетақы жинағын депозитке салуды ұсынғандарға жауап берді

Тимур Сүлейменов
Фото: bloomberg.com

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың зейнетақы жинағын түгелдей жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар депозиттерге салу неге мүмкін емес екенін түсіндірді. Оның айтуынша, елдің қаржы нарығы мұндай көлемдегі ақшаны игере алмайды. Сондықтан зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына, эмитенттерге және валюталарға бөлініп инвестицияланады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Журналист Ұлттық банк төрағасынан теңге бағамының зейнетақы жинақтарының кірістілігіне әсері туралы сұрады. Оның сөзінше, жыл басынан бері теңгенің нығаюына байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық кірістілігі 9,91%-ға дейін төмендеген. Осыған байланысты журналист долларлық активтердің үлесін азайту жоспары бар-жоғын сұрады.

Тимур Сүлейменов зейнетақы активтері жұмыс берушілердің жарналары мен инвестициялық кіріс есебінен үнемі өсіп отыратынын айтты. Қазір зейнетақы портфелінің көлемі шамамен 27 триллион теңгеге жеткен. Жинақ көлемі артқан сайын қаражатты инвестициялаудың жаңа бағыттарын іздеу қажеттілігі де туындайды.

Ұлттық банк төрағасы зейнетақы жинағын жылдық 18% мөлшерлемемен депозитке салуды ұсынатын сарапшылардың пікіріне қатысты ойын білдірді.

“Кейбір сарапшылар онша дұрыс ойламайтын сияқты. Олар ақшаны жылдық 18% мөлшерлемемен депозитке салу оңай дейді. 27 триллион теңгені депозитке орналастыруды елестетіп көріңіздерші. Мұндай қаражатты қабылдай алатын банктер жоқ. Экономикаға да сонша ақша қажет емес, оны игере алмайды”, – деді Сүлейменов.

Оның сөзінше, зейнетақы жинағын түгелдей Қазақстан ішіндегі қаржы құралдарына – банк депозиттеріне, акциялар мен облигацияларға орналастыру мүмкін емес. Себебі отандық бағалы қағаздар нарығы әзірге мұндай көлемдегі инвестицияны қабылдауға жеткілікті деңгейде дамымаған. Сондықтан Ұлттық банк қаражаттың бір бөлігін шетелдік активтерге салады.

Сүлейменов валюталар бойынша әртараптандыру зейнетақы жинағын бағамдық тәуекелдерден қорғауға көмектесетінін де атап өтті. Активтердің бір бөлігі шетел валютасында табыс әкелуі керек. Бұл теңге бағамының өзгеруіне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар теңгенің нығаюы шетелдік активтердің теңгемен есептегендегі құнын төмендетуі мүмкін. Ал ұлттық валюта әлсіреген жағдайда олардың теңгедегі құны артады. Алайда бұл активтердің өзінің құны төмендеді дегенді білдірмейді.

“Валютамен бірге активтердің теңгеге шаққандағы құны да өзгеріп отырады. Бірақ бұл бір нәрсе жоғалды немесе активтердің құны азайды деген сөз емес. Бұл – бағамға қарай жасалатын есеп қана. Есепте көрсетілген сома өзгеруі мүмкін, бірақ активтің өз құны сақталады”, – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.

Қазақстандықтардың зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады. Ал 7 қыркүйектен бастап азаматтар жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушыларға аудару мүмкіндігіне ие болды. Жеке басқарушылардың инвестициялық кірістілігі дәстүрлі түрде жоғарырақ болып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы активтерінің кірістілігіне теңге бағамының әсері және жинақтарды басқарудағы қиындықтар туралы түсініктеме берген еді.

Айнура Дарибаева
Жұма, 23 Қазан, 2026 16:27