Ұлттық банк теңгені қолдан күшейтіп жатыр деген ақпаратқа жауап берді
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің нығаюы қолдан жасалып жатқан жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған экспорттық кірістің артуы, шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға қаржы салуы және компаниялардың шетел валютасымен қарыз алуы әсер еткен. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Сүлейменовтің сөзінше, мұнай бағасының өсуі экспорттаушылардың валюталық кірісін арттырған. Былтыр мұнайдың бір баррелі шамамен 60–65 доллар тұрса, қазір 100 доллардан асқан. Сонымен қатар мыс пен өзге металдардың бағасы 11–15%-ға өскен. Нәтижесінде Қазақстан экспорты 27%-ға артып, ішкі нарыққа түсетін доллар көлемі көбейген.
Теңгенің нығаюына әсер еткен тағы бір фактор – шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған қаржысы. Ұлттық банк басшысының бағалауынша, мұндай инвестиция көлемі шамамен 5–6 миллиард долларға жеткен.
Бұған қоса, банктер мен квазимемлекеттік сектордың шетел валютасымен алған қарыздары да нарықтағы доллар ұсынысын арттырады. Компаниялар шетелден доллармен қарыз алып, оны ел ішіндегі жобаларды қаржыландыру үшін теңгеге айырбастайды.
“Бағам өте жақсы, нарықтық. Біз оны реттемейміз және араласпаймыз”, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк бұған дейін зейнетақы активтерін басқару аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін валюта сатып алғанын хабарлаған. Мұндай операциялар зейнетақы портфеліндегі шетел валютасының үлесін сақтау мақсатында жүргізіледі. Сонымен қатар Ұлттық қордан биржалық нарықта валюта сату операциялары да жүзеге асырылады. Бұл операциялар теңгенің бағамына ықпал етуі мүмкін болғанымен, Ұлттық банк валюта бағамын белгілі бір деңгейде ұстап тұруды мақсат етпейтінін мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарды 50 жастан бастап алуға болатыны туралы жазған едік.
Зейнетақы жинағын аннуитетке аудару тиімді ме, әлде БЖЗҚ-да қалдырған дұрыс па? Сарапшы түсіндірді
