Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында әкесі мен ұлы 77 жылқы ұрлады деген күдікке ілінді

Ақмола облысында мал ұрлады деген күдікпен Степногорск қаласының екі тұрғыны — әкесі мен баласы ұсталды. Шығын көлемі – 25,4 миллион теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерейментау ауданында еркін жайылымда жүрген 77 жылқының жоғалғаны туралы арыз полицияға мамыр айында түскен. Бірнеше ай бойы жедел уәкілдер бұрын сотталған адамдарды тексеріп, ет базарлары мен мал сатылуы мүмкін орындарды бақылаған.

Іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілердің ізіне түскен. Тергеу нұсқасы бойынша, көктемде әкесі мен баласы жылқы табынын Ерейментау ауданынан Степногорск қаласына айдап әкелген. Кейін малды қала сыртындағы қораларға қамап, біртіндеп сата бастаған.

Полиция тергеу барысында аман қалған 40-тан астам жылқыны тауып, заңды иесіне қайтарды.

Қазір екі күдікті де қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бұған дейін Батыс Қазақстанда ветеринарлар ұрланған малды заңдастыруға көмектесті деп айыпталған еді. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ветеринариялық дәрігерлер болғаны анықталды. Олар ұрланған малды деректер базасы арқылы заңдастыру жолымен өткізу схемасын ұйымдастырған.

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Қазан, 2026 16:00