Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстанда қыз алып қашу мен мал ұрлаудың жазасы теңестірілмек

Қырғызстанда депутаттар қыз алып қашу мен мал ұрлау қылмысының жазасын теңестіру туралы заң жобасын талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: kloop.kg

Жогорку Кенеш депутаттары Қылмыстық кодекске, сондай-ақ Құқық бұзушылық туралы кодекске өзгертулер енгізу мәселесін қарады. Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің "Мал ұрлығы" бабына өзгертулер енгізу ұсынылды. Ұсыныс бойынша бұл қылмыс үшін жазаны 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр.

Бұл бастамаға депутат Дастан Бекешев қарсы шықты.

"Егер адам ұрлаған болса 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал мал ұрлығы үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл дұрыс емес. Адамның өмірі қымбатырақ. Қызды алып қашса жеті жыл, мал ұрласа сегіз жылға бас бостандығынан айырылады. Менің ойымша, бұл қажетсіз санкциялар. Түзетулер енгізу керек", – деді Дастан Бекешев.

Түзетулер енгізуді ұсынған Мейкінбек Әбдалиев әріптесінен қыз алып қашуды мал ұрлығымен салыстырмауды өтінді. Ол тұрмысқа шығу мақсатында қыз алып қашуды ұлттық дәстүр деп есептейді.

"Қыз алып қашу туралы айттыңыз. Білсеңіз ренжімеңіз, бұл дәстүр. Малды ұрлайды, қызды алып қашады, бірақ сатпайды. Оған үйленеді", – дейді депутат.

Дастан Бекешев қызды өз еркінен тыс алып қашса, бұл онсыз да қылмыстық әрекет және бұл дәстүр емес екенін ескертті.

Талқылау