Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда теңге нығайса да, азық-түлік бағасы неге арзандамайды – Ұлттық банк түсіндірді

азық-түлік
Фото: Freepik

Қазақстанда теңгенің нығаюы импорттық тауарлардың құнын төмендетуге ықпал еткенімен, дүкендердегі азық-түлік бағасы дәл сондай деңгейде арзандамады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны бағаның өсуінен кейін бұрынғы деңгейіне сирек қайтатын ерекшелігімен түсіндірді. Оның айтуынша, ұлттық валютаның нығаюы тауарлардың қымбаттауын тежеуге көмектесіп отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені 0,5% тармаққа төмендету туралы шешім ұзақ талқылау мен инфляциялық жағдайды бағалау нәтижесінде қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, комитет отырысында үш нұсқа қарастырылған: базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру, 0,25% тармаққа немесе 0,5% тармаққа төмендету. Ал мөлшерлемені бірден 1% тармаққа азайту мәселесі талқыланбаған.

“Соңғы 12 айда инфляцияның төмендеуі, инфляциялық күтулердің азаюы және ішкі экономикадағы тұрақты жағдай базалық мөлшерлемені батылырақ төмендетуге мүмкіндік берді”, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, мөлшерлемені 0,25% тармаққа ғана төмендету экономикалық үдерістерге жеткілікті ықпал етпеуі мүмкін еді. Сондықтан комитет ақша-кредит саясатын біршама жұмсарту туралы шешім қабылдаған.

Ұлттық банк төрағасы теңге бағамының инфляцияға әсеріне де тоқталды. Қазақстан импортқа тәуелді болғандықтан, ұлттық валютаның нығаюы елге шетелден әкелінетін тауарлардың құнына ықпал етеді. Азық-түлік нарығындағы импорттың үлесі шамамен 28%, ал аралық және инвестициялық тауарлар арасында бұл көрсеткіш 50%-дан асып, шамамен 58%-ға жетеді. 

Сүлейменовтің мәліметінше, теңге Ресей рубліне қатысты шамамен 18%-ға, ал АҚШ долларына қатысты 12%-ға нығайған. Бұл шетелден әкелінетін тауарлардың теңгемен есептелген құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Өйткені Қазақстанның сауда серіктестерімен есеп айырысу кезінде рубль мен доллар да қолданылады.

Алайда валюта бағамының өзгеруі бөлшек саудадағы бағаға бірден әрі толық көлемде әсер етпейді. Ұлттық банк басшысы мұны экономикадағы “храповик әсерімен” түсіндірді. Яғни тауарлар қымбаттағаннан кейін олардың бағасы бұрынғы деңгейіне сирек түседі.

“Кем дегенде, теңгенің нығаюы бағаның одан әрі өсуін тежеуге мүмкіндік берді”, – деді ол.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, азық-түлік сегментіндегі импорттық тауарлардың бағасы 3,2%-ға төмендеген. Оның бағалауынша, теңгенің нығаюы Қазақстан экономикасындағы инфляцияны баяулатуға ықпал етіп отыр.

Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын жүргізудегі негізгі құралдарының бірі. Ол қаржы нарығындағы қысқа мерзімді қаражаттың құнына бағдар беріп, экономикадағы несие мен депозит мөлшерлемелеріне ықпал етеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 23 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті.

Айнура Дарибаева
Жұма, 23 Қазан, 2026 14:09