Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

банк
Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызмет

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті. Жылдық инфляцияның баяулауына байланысты маусымнан бері базалық мөлшерлеме қатарынан төртінші рет төмендеді. Алайда бұл жолғы көлем нарық қатысушылары күткеннен де жоғары болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Инфляция баяулады

Ұлттық банк мәліметінше, Қазақстанда жылдық инфляция 12 ай қатарынан төмендеп, 2026 жылы қыркүйекте 9,3% болды. Банктің бағаның шектен тыс өсуіне жол бермеу шаралары және теңгенің тұрақты болуы инфляцияның баяулауына көмектесті.

Азық-түлік бағасының өсу қарқыны да баяулаған. Қыркүйекте азық-түлік инфляциясы 8,5% төмендеді. Оған жеміс-жидек пен көкөністің арзандауы және ет бағасының бұрынғыдай жылдам қымбаттамауы әсер етті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі де баяулап, инфляция 11% болды. Бұл ретте жанар-жағармай бағасының өсу қарқыны төмендеген. Ал қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9% деңгейінде сақталды.

Қыркүйекте айлық инфляция 0,6% болды. Бұл тамыздағы көрсеткішпен бірдей. Алайда маусымдық өзгерістерді есепке алмағанда, баға әлі де жоғары. 

Халықтың алдағы бір жылдағы инфляцияға қатысты болжамы да сәл төмендеген. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 11,8% болды. Ал кәсіби сарапшылар 2026 жылдың соңында инфляция 9,5% болады деп күтеді. Бұған дейін олар 10% деп болжаған. 2027 жылға арналған болжам да 8,5%-дан 8,3%-ға дейін төмендеді.

Әлемдік жағдай бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін

Ұлттық банк дерегінше, сыртқы жағдай инфляцияны үдетуі мүмкін. Таяу Шығыстағы ахуал энергия көздерінің әлемдік бағасын жоғары деңгейде ұстап отыр.

Оған қоса, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) дерегінше, қыркүйекте әлемдік азық-түлік бағасының индексі бір айда 1,5%-ға, ал бір жылда 5,8%-ға өскен.

Әлемде азық-түлік бағасы ауа райының қолайсыздығы мен тасымалдау қиындығына байланысты қымбаттап жатыр. Сонымен қатар АҚШ, Еуропа және Ресей орталық банктері инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені көтеріп немесе оны төмендетуді тоқтатқан.

Қазақстан экономикасы өсіп келеді

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,2% өсті. Экономиканың өсуіне негізінен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салалары үлес қосқан. Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция 7%, ал бюджет қаражатын есептемегенде, шикізаттық емес секторға бағытталған инвестиция 25% артқан.

Тұтынушылық несиелердің өсуі баяулағандықтан, халықтың шығыны да өткен жылмен салыстырғанда аз қарқынмен өсіп отыр. Алайда мемлекеттік шығындар мен инвестицияның жоғары болуы ішкі сұранысты күшейтіп, тауарлар мен қызметтер бағасына қысым түсіруі мүмкін.

Ұлттық банк бағаның қайта өсуіне мемлекеттік шығындардың көп болуы, жанар-жағармай мен коммуналдық тарифтердің өзгеруі және әлемдік нарықтағы қымбатшылық әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Инфляция баяулағандықтан, базалық мөлшерлеме төмендетілді. Алайда баға қайта өсуі мүмкін болғандықтан Ұлттық банк мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгертпеуі мүмкін. Реттеуші инфляцияны 2028 жылға қарай 5%-ға дейін түсіруді көздейді.

Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешім 2026 жылы 4 желтоқсанда жарияланады.

Айта кетейік, бұған дейін 4 қыркүйек күні Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялаған еді. Ол кезде базалық мөлшерлеме 16,25%-ға дейін төмендеген. Ал оған дейін 16,75% болған.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 23 Қазан, 2026 12:03