Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәріге 5 миллиард теңге бөлінді

дәрі
Фото: Pexels

Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы отандық дәріні әзірлеуге 5 миллиард теңге бөлінген. Жоғары аудиторлық палата қаражаттың жұмсалуын тексеріп, өндірістің дайын екенін растайтын жеткілікті дәлел таппаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аудиторлардың мәліметінше, жобаға бөлінген қаржының төлену тәртібі келісімшарт талаптарына сай болмаған. Алғашқы транштан кейін ғылыми ұйымдарға жұмыс құнының тағы 40%-ы аударылған. Бұл төлем мониторинг нәтижесіне тәуелді болмағандықтан, орындаушылар қорытынды бағалау аяқталмай тұрып жобаның жалпы құнының 90%-ына дейін алған.

Тексеру барысында ғылыми есептерге қатысты да кемшіліктер анықталды. 2025 жылы ұлттық ғылыми кеңестер бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 18 аралық және қорытынды есепті қабылдамаған. Қабылданбаған есептерге бөлінген қаржының жалпы сомасы — 8,9 миллиард теңге.

Аудиторлар кейбір зерттеу нәтижелерінің расталуына күмән келтірді. Мәселен, дайын патенттің орнына патент алуға берілген өтінім, ал жарияланған ғылыми мақаланың орнына журналдың материалды басуға қабылдағаны туралы хабарлама ұсынылған жағдайлар болған. Жоба аяқталып, патент алынған күннің өзінде, әзірлеменің өндірісте қолданыс табатынына кепілдік болмаған.

Жоғары аудиторлық палата қазіргі бақылау жүйесі ғылыми зерттеулердің өндіріс пен экономикаға нақты пайдасын бағалауға жеткіліксіз екенін атап өтті.

Айнура Дарибаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 10:34