Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ахи, ифтар, сухур: ҚМДБ құран мен дұғадан басқа сөздерді қазақша айтуға шақырды

құран
Фото: Pexels

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің дамуы туралы кезінде дін туралы сөздерді де тілге тиек етті. Осыдан кейін Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

ҚМДБ мәліметінше, Құран аяттарының, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Құлшылық кезінде қазақ тілінің орынын да ескеру қажет.

“Ал күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізіп, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану – ана тілімізге деген құрметтің көрінісі. Мәселен, "ифтар" мен "сухур" ұғымдарының тілімізде бұрыннан қалыптасқан "ауызашар", "сәресі" деген атаулары бар”, – деп мәлімдеді ҚМДБ.

Сондай-ақ ҚМДБ діни жолда жүрген адамдардардың бір-бірін басқа тілде атауына қатысты да айтты.

 

“Сол сияқты кейбір азаматтардың өзара "ахи", "ухти", "абла", "аби", "брат" және "сестра" деп тілдесуі жиі кездеседі. Біздің пікірімізше, мұндайда өз тіліміздегі "бауырым", "ағам", "інім", "әпкем", "апам", "қарындасым" деген сөздерді қолданған абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды.”, – деп жазды ҚМДБ.

Еске сала кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) дін өкілі Исматулла Мақсұм төңірегіндегі дауға қатысты мәлімдеме жасады. Сөздерінше, оның жақтастарының діни басқармаға қатысы жоқ.

Ислам Әден
Жұма, 13 Қараша, 2026 09:59