Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚМДБ жасөспірімдерге зорлық көрсетті деп айыпталған Исматулла Мақсұм төңірегіндегі дауға қатысты мәлімдеме жасады

Исматулла Мақсұм
Фото: Видеодан скрин

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) дін өкілі Исматулла Мақсұм төңірегіндегі дауға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін дін өкілі Исматулла Мақсұмға кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы қысым көрсетті деген айып тағылған еді.

Оқиға журналист Жанар Байсеміздің "зікіршілер" деген атпен белгілі діни қауымдастықтың бұрынғы мүшелерімен жүргізген сұхбатынан кейін қоғамда талқылана бастады. Сұхбат барысында әңгімелесушілер Исматулла Мақсұмның жасөспірімдерге қатысты орынсыз әрекеттер жасағын туралы айтқан.

Сұхбатқа қатысқан бұрынғы қауымдастық мүшелерінің бірі Ақылбек Жұмабеков бастапқыда бұл айыптауларға сенбегенін жеткізді. Оның айтуынша, ол Исматулла Мақсұм рухани басшы ретінде қабылдаған. Кейін Жұмабековтің сөзінше, ол қысымға тап болғанын айтқан жігітпен сөйлескен.

ҚМДБ өкілдері Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының діни басқармаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

"Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ. Олардың әрекеттері мен діни көзқарастары ҚМДБ ұстанымына сәйкес келмейді. Дінімізде адамға күш көрсету, қорқыту, өзгенің құқығына қол сұғу және мәжбүрлеу ауыр күнә болып саналады", – делінген басқарма хабарламасында.

Сондай-ақ ҚМДБ өкілдері Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын жеке мүдде үшін пайдаланбауға шақырды. Бұған қоса, басқарма қазақстандықтарды діни топтардан сақ болуға шақырды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аталған ақпарат жарияланғаннан кейін полиция сотқа дейінгі тергеу бастаған. Айыптаулардың мән-жайы тергеу барысында анықталуға тиіс.

 

Исматулла Мақсұм кім?

Исматулла Мақсұм, Исматулла Әбдіғаппар деген атпен де белгілі. 2000 жылдары Қазақстанда танылған дін өкілі. БАҚ мәліметінше, ол өзін Қожа Ахмет Ясауи сопылық ілімінің ізбасары ретінде таныстырған.

Ашық дереккөздерде Исматулла Мақсұмның Ауғанстанда дүниеге келіп, Пәкістанда діни білім алғаны айтылады. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ол 1996 жылы Қазақстанға келіп, Алматыда медресе ашқан. Кейін ұйымның қызметіне тыйым салынған.

2011 жылы сот Исматулла Мақсұмды экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және заңсыз медициналық қызмет көрсету ісі бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырған. БАҚ мәліметінше, ол 2019 жылы бостандыққа шыққан.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық діни қауымдастықтың басшысы жасөспірімдерге сексуалдық зорлық жасады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 19:52