Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚМДБ әлеуметтік желідегі фейктерді репост жасауды мұсылманның рухани қателігі деп атады

fake news
Фото: magnific.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желілерде жалған ақпаратты тексермей таратпауға шақырды. ҚМДБ өкілдері мұндай әрекет мұсылманның адалдық қағидатына қайшы екенін айтып, жастардың ақпараттық сауаттылығымен қатар рухани иммунитетін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ҚМДБ Жастар кеңесінің мүшесі Нұрболат Серікұлының айтуынша, қазақ халқы ежелден сөзге ерекше мән берген. Алайда бүгінде бір ғана басу немесе ақпаратты тексерместен қайта жіберу арқылы мыңдаған адамды адастыруға болады.

Ислам дәстүрінде ақпаратты тексеру қағидаты ғасырлар бұрын қалыптасқан.

"Қасиетті Құранда “Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге бір пасық хабар әкелсе, оның анығын анықтап алыңдар” (Хужурат сүресі, 6-аят) делінген. Әлеуметтік желілер дәуірінде бұл қағида әр адамды ақпараттың шынайылығын тексеруге және жалған ақпараттың таралуына себепші болмауға үндейді", – деп түсіндірді ол.

ҚМДБ өкілдері тексерілмеген ақпаратты, жала немесе жалған қауесетті тарату адалдық қағидатына қайшы екенін атап өтті. Бұл қағида адамның табысына ғана емес, оның сөзіне, уәдесіне және қоғам алдындағы әрекеттеріне де қатысты.

Кітапта ақпараттық шудың ортасында жүрген жастардың тәрбиесіне ерекше мән берілген. Смартфон арқылы білім мен ақпаратқа қол жеткізу бұрынғыдан әлдеқайда оңай болғанымен, ақпараттың көптігі адамның білімді екенін білдірмейді.

"Ақпаратты ойланбастан қабылдау зиян келтіруі мүмкін. Жастардың бойында ақпараттық сауаттылықпен қатар, пайдалы дүниені зиянды ақпараттан ажырата алатын рухани иммунитет қалыптастыру маңызды", – деді Нұрболат Серікұлы.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының "Ислам және адал қоғам" атты кітабының 25 тарауында адал қоғам құру әр адамның өз сөзіне, репосттарына және цифрлық кеңістіктегі жарияланымдарына жауапкершілікпен қарауынан басталатыны айтылған.

Еске салайық, кейінгі уақытта әлеуметтік желіде дін атынан айтылған даулы пікірлер жиілеп, қоғам арасында қызу талқы тудырып жүр. Домбыра мен Наурызды харам деп атау, әйелдер мен өзге дін өкілдеріне қатысты кемсітетін пікірлер айту сияқты мәлімдемелерге байланысты ҚМДБ бірнеше рет түсініктеме берген. Діни басқарма мұндай сөздердің исламның ұстанымына сәйкес келмейтінін айтып, уағызшыларды дін мен дәстүр мәселесінде жауапкершілікпен сөйлеуге шақырады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 15:51