Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Домбыра – харам, Наурызды тойлауға болмайды": Қоғамды дүрліктірген діни уағыздар және оған ҚМДБ не дейді

дін
Фото: ЖИ

Әлеуметтік желіде діни уағыз айтқан кей азаматтардың қазақтың ұлттық құндылықтары, әйелдер, музыка мен дәстүрлі мерекелер туралы даулы пікірлері жиі талқыға түседі. Кей жағдайда мұндай мәлімдемелер қоғам наразылығын туғызып қана қоймай, құқық қорғау органдарының араласуына да себеп болған. ҚМДБ өкілдері дінді насихаттауда шектен шықпауға шақырып, жалған әрі орынсыз уағыздарға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады. Stan.kz тілшісі қоғамда дау тудырған діни мәлімдемелерді жинақтап көрді.

 

“Еркектер мен ұрғашылар бөлек отырсын”

Уағыз айтқан ер адам
Фото: Видеодан скриншот

Соңғы уақытта желіде тойда тілек орнына уағыз айтып, әншілерді "шайтан азаншысы" деп атаған ер адамның сөзі талқыға түсіп, көптің ашуына тиді. 

Оқиға Жетісайдағы тойлардың бірінде болды. Ер адамның сөзінше, "еркектер мен ұрғашылар бірге отыруға болмайды". Әрі тойға келген әнші Роза Әлқожаға ескерту жасап, әншілер туралы ауыр пікір айтады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай мәлімдемелерге қарсы екенін айтып, барлық музыканы харам деп атауға болмайтынын түсіндірді.

Діни басқарма адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерге қарсы. Алайда Отан, ата-анаға деген махаббат, адамгершілік пен ізгілікті үндейтін әндерді тыңдауға рұқсат екенін ескертті. Сондай-ақ әйелдерді "ұрғашы" деп атауды сынға алды.

"Аналарымызды, қыз-келіншектерді бей әдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз", – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде. 

Кейін ішкі істер министрлігі ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғап, қамауға алды. Себебі оның пікірінде діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру байқалған.

“Наурыз – мұсылмандардың мейрамы емес”

Наурыз мұсылмандардың мейрамы емес деп видео түсірген ер адам ұсталды

Алматылық ер адам желіде Наурыз мейрамын мұсылмандарға тойлауға болмайтынын айтып видео түсірген. Сөзінше, бұрын қазақта ондай мейрам болмаған. 

"Наурыз парсылардан, отқа табынушылардан келген. Наурыз деген сөз қазақтың сөзі емес. Ол парсының "жаңа күн" деген сөзі. Егер мұсылманмын десең бұл мерекелерді тойлауға болмайды", – дейді видео авторы.

Содан кейін Алматы облысының полициясы ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғап, қамауға алды. Оның сөздері діни араздыққа себеп болады деп бағаланды. 

Бұл тұста да діни басқарма бұл мейрамды тойлауға рұқсат берілгенін айтып, дінге қайшы элемент жоғын түсіндірді.

Домбыраны “харам” деп атаған

Фото: Видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде домбыраны харам деп мәлімдеме жасаған бірнеше жайт болған еді.  Соның бірі – 33 жастағы Азат Қоныс. Ол ханафи мәзһабының нормаларына сілтей отырып, домбыра, гитара және балалайканы тыйым салынған аспаптар деп атады. Онымен қоймай,  домбыраны "ібілістің жыныс мүшесімен" салыстырды, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерін "тозақ иттері" деп атаған.

"Діни алауыздықты қоздыруға және ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті немесе БАҚ пайдаланатын азаматтардың діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер" бойынша ол 3,5 жылға сотталды. 

ҚМДБ ұлттық аспаптар харам боп саналмайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Сөздерінше, діни басқарма ішінде дін мен дәстүр мәселелерін зерттейтін бөлім бар. Тіпті пайғамбар құрметіне ұйымдастырылатын жиындарда аспаптар орындалады дейді.

Атеистерді сиыр мен маймылға теңеген

Нұржан Смағұлов
Фото: Имам Нұры

Уағызшы Нұржан Смағұлов сұхбаттардың бірінде дінге сенбейтін адамдар туралы даулы пікір айтты. Оларды жануарға теңегені көпшілікті ашуландырды. Кейін ол Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу" бойынша 25 АЕК, яғни 108 125 теңге айыппұл арқалады. 

Дін істері жөніндегі басқарма азаматтарды қорлайтын мәлімдемелерге жол берілмейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ өзгелердің діни сенімін құрметтеу керегін ескертті. 

"Несие алу – анаңмен зина жасағандай күнә"

Көптің арасында талқыға түсіп, дүр сілкіндірген мәлімдемелердің бірі – осы. Мұндай пікірді бұрын имам Әбдіғаффар Сманов айтқан. 
Алайда ҚМДБ мұндай пәтуа жоқ екенін айтты. ҚМДБ мәліметінше, мұндай сөз Құранда жазылмаған. 

"Құранда" "Алла саудаға рұқсат бергенімен өсімқорлыққа тыйым салды" делінген. Демек ипотека да тыйым салынған әрекетке жатады. Дегенмен үй алуға ақша жинау мүмкін емес, күнкөрістің қамын жасау қажет. Сол себепті ислам ипотекасы сынды нәрселерді қарастырған жөн", – деді ҚМДБ.

ҚМДБ жалған уағыздармен қарсы күреседі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы кейбір дін өкілдері мен қоғам белсенділерінің қазақ халқының құндылықтары, тілі және әйелдер тақырыбына қатысты сынға ұшырайтын пікірлер көбейіп кеткенін сөз етті. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар назардан тыс қалмай, тиісті адамдармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бас мүфтидің сөзінше, уағыз айтатын адамдардың арасында діни білімі болғанымен, тәжірибесінің жеткіліксіздігінен қателікке бой алдыратындар кездеседі. Осыған байланысты ҚМДБ уағызшыларға өздері жете білмейтін тақырыптарда пікір білдірмеуді ескертіп отырады.

Бір адамның қате сөзі талай адамның адасуына себеп болуы мүмкін. Өкініштісі, кейде мүфтиятқа қарасты адамдар, кейде мүфтиятқа қарасты емес адамдар да уағыз айтады. Бізге қатысты азаматтарға хабарласып, түсіндіріп, қатесін ұғындыруға тырысамыз, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ол діни тақырыптағы әр пікірдің айтылу орны мен формасына да мән беру керегін атап өтті. 

Бас мүфти бұған дейін қазақтың ұлттық құндылықтарына қатысты орынсыз пікір білдірген адамдарға ескерту жасағанын да айтты. 

"Қазақтың құндылықтарына тіл тигізгендер де болды. Оларды шақырып, ескерту жасадым. Қазақ жыраулары, ақындары адаспаған. Әрине, әрқайсысының өз ерекшеліктері болған, бірақ жалпы алғанда домбыра, поэзия және ақындардың шығармашылығы әрдайым дінді, ізгілікті және халық өмірін жырлаған", – деді Наурызбай Тағанұлы.
Stan.kz
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 17:19