Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ескі комбайннан заманауи техникаға дейін: Фермерлер "ҚазАгроҚаржымен" бірге ауыл шаруашылығын қалай дамытып жатыр

Егінді уақытында егіп, өнімді шығынсыз жинау үшін фермерге заманауи техника қажет. Алайда трактор мен комбайн қымбат техника, ал шаруашылықтың басқа да шығындары аз емес. Осындай жағдайда “Бәйтерек” холдингінің құрамындағы “ҚазАгроҚаржы” фермерлерге техниканы лизинг арқылы алып, ақысын бірнеше жылға бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Stan.kz тілшісі елдің әр аймағында шаруашылық секторының қалай дамып жатқанын анықтап көрді. 

 

Ескі техникадан заманауи технологияға дейін

Ауыл шаруашылығында уақыт – алтыннан да қымбат. Әсіресе егін жинау науқаны кезінде комбайнның бір күн тұрып қалуының өзі шаруаға шығын әкелуі мүмкін. Мұны Батыс Қазақстан облысындағы “Ислам Сұлтан” шаруа қожалығының басшысы Әлия Аймурзина жақсы біледі. Оның айтуынша, шаруашылық алғаш құрылған кезде егін жинау жұмыстары “Нива”, СК-5 комбайндары мен “Беларусь”, “Алтаец” тракторлары арқылы жүргізілген. Ескі техниканың жиі бұзылуы, қосалқы бөлшектердің табылмауы жұмысты қиындатады дейді.

Бірақ қазір жағдай өзгерген. Шаруашылық заманауи техникаға көшіп, егіс жұмыстарында GPS арқылы басқарылатын тракторларды пайдаланады. Мұндай машиналар алқаптың бағытын компьютерде сақтап, белгіленген сызықтан ауытқымай қозғала алады. Операторға негізінен алқаптың шетінде ғана рульді бұру қажет.

ӘЛИЯ АЙМҰРЗИНА

Әлия Аймурзинаның айтуынша, “ҚарАгроҚаржы” арқылы лизингке алынған жаңа техниканың артықшылығы тек жылдамдықта емес. Ол механизаторлардың жұмысын жеңілдетіп, техниканың жағдайын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

“Бұрын техника бұзылса, қосалқы бөлшек іздеп, қалаға баруға тура келетін. Кейде бөлшегін таппай, жұмыс тоқтап қалатын. Ал қазір трактордың іші түгел компьютер. Алқаптың мәліметтерін енгізсеңіз, жүйе барлық баптауды есте сақтайды. GPS арқылы өзі жүріп, белгіленген бағыттан ауытқымайды”, – дейді Әлия Аймурзина.

Бүгінде шаруашылық егіншілікпен ғана шектелмейді. Мұнда асыл тұқымды мал өсіріліп, жем-шөптің басым бөлігі өз алқаптарында дайындалады. Арпа, жаздық бидай, мақсары, құмай және мал азығына арналған көпжылдық шөптер егіледі. Осылайша, егіншілік пен мал шаруашылығы бір-бірін толықтырып отыр.

Техниканың 85%-ын жаңартқан павлодарлық шаруа

Павлодар облысындағы “АМИД” шаруа қожалығы да өндірісін біртіндеп кеңейтіп келеді. Шаруашылықтың негізін Дмитрий Белявскийдің әкесі 2005 жылы қалаған. Кейін баласы отбасылық кәсіпті жалғастырып, ауыл шаруашылығы саласына тереңірек араласа бастады. 

ДМИТРИЙ БЕЛЯВСКИЙ

Фермердің айтуынша, Павлодар облысында егіншілікпен айналысу оңай емес. Биыл кейбір алқаптарда 90 күнге дейін жауын-шашын болмаған. Мұндай жағдайда өнім алу үшін ауа райына бейімделіп қана қоймай, агротехнологияны дұрыс қолданып, техниканы уақытылы дайындау маңызды.

Шаруашылықта негізінен бидай мен күнбағыс өсіріледі. Бұдан бөлек, ауыспалы егіс жүйесінде қарақұмық пен арпа да бар. Жиналған өнімді өткізу жағынан әзірге қиындық жоқ: жергілікті өңдеу кәсіпорындары да, шетелдік сатып алушылар да ұсыныс білдіреді екен. Алайда өнімді уақытында жинап, сапасын жоғалтпай сақтау үшін техниканың жағдайы шешуші рөл атқарады. Осы бағытта шаруашылық соңғы жылдары машина-трактор паркін жаңартуға басымдық берген.

“Бүгінде шаруашылығымыздағы техниканың шамамен 85%-ы жаңартылды. Бұл жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын. Біз “ҚазАгроҚаржымен” он жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Олардың бағдарламалары арқылы комбайндар сатып алдық. Жаңа техника егіс пен орақ науқанын уақытында аяқтап, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді”, – дейді Дмитрий Белявский.

Фермер жаңа техниканың арқасында шаруашылық өндірістік жұмыстарды белгіленген мерзімде орындауға мүмкіндік алған. Бұл, әсіресе, жауын-шашын аз түсетін өңірде маңызды рөл атқарған екен.

Сортаң жерді жүгері алқабына айналдырған алматылық шаруа

Алматы облысындағы шаруашылықтардың бірі егіншілікті дамытудың басқа жолын таңдаған. Мұнда фермерлер мал азығын өздері дайындау үшін жүгері өсіруге басымдық беріп отыр. Алайда бұл жұмыстың артында едәуір инвестиция мен инженерлік шешімдер жатыр.

Шаруашылық иесі Бағдат Әжінұровтың айтуынша, жүгері алқабына су жеткізу үшін 15 шақырым жерден канал тартқан. Енді шаруашылық егіс көлемін 1 000 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

БАҒДАТ ӘЖІНҰРОВ

“Қазір гектарынан ең аз дегенде 15 тонна жүгері аламыз. Болашақта осындай алқаптарды 1 000 гектарға дейін жеткізу жоспарымыз бар. Ол үшін кемінде 20 шақырым жерден өзен қазып әкелуіміз керек. Одан кейін жерді тегістейміз. Мұның барлығына үлкен қаражат қажет”, – дейді Бағдат Әжінұров.

Жүгері шаруашылыққа тек егін ретінде емес, мал азығы ретінде де қажет. Фермерлер дәнін жинап алғаннан кейін қалған сабақтарын мал азығына пайдаланады. Осылайша, малды қыстан аман алып шығуға және бордақылауға қажетті жем-шөпті өздері дайындайды. Шаруашылық иесінің айтуынша, қазіргі қолданып жүрген техникасының барлығы дерлік “ҚазАгроҚаржы” арқылы алынған. Бағдат Әжінұров кейбір қаржыландыру тетіктері арқылы техника құнының бір бөлігін өтеуі, бастапқы жарнаны төлеу мерзімінің икемді болуы фермерлерге қолайлы екенін айтты.

Тиімді лизинг шаруаларға не береді?

Үш өңірдегі шаруашылықтардың тәжірибесі ауыл шаруашылығын дамыту үшін техниканың қолжетімділігі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бірі ескі комбайндарды заманауи техникамен алмастырса, енді бірі егістік көлемін ұлғайтып, мал азығы базасын қалыптастырып отыр.

Осы бағытта “ҚазАгроҚаржы” фермерлерге жеңілдетілген лизинг ұсынады. Компания басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, бағдарламаның негізгі шарттарының бірі – жылдық 5% мөлшерлеме және 7 жылға дейінгі қаржыландыру мерзімі.

Еркебұлан Жұмжаев

“Лизингтің негізгі шарты – жылдық 5%-дық мөлшерлеме және 7 жылға дейінгі қаржыландыру мерзімі. Бастапқы жарна 10%-дан басталады. Егер фермерде оны бірден төлеуге мүмкіндік болмаса, аванстық төлемді 12 айға дейін бөліп төлеуге болады”, – дейді Еркебұлан Жұмжаев.

Мұндай тетіктер фермерлерге техниканы бірден толық құнын төлемей сатып алуға және айналымдағы қаражатын шаруашылықтың өзге қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік береді. Ал шаруалардың тәжірибесі көрсеткендей, жаңарған техника өндіріс көлемін сақтауға, жаңа алқаптарды игеруге және агробизнесті одан әрі дамытуға жол ашады.

Айнура Дарибаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 10:00