Астанада терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді: Тұрғындарға ескерту жасалды
Астанада 13 қараша күні жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығу өтеді. Осыған байланысты елорда тұрғындарына ескерту жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Республикалық терроризмге қарсы орталықтың хабарлауынша, оқу-жаттығу сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Қазақ спорт және туризм академиясының маңында, Қарқаралы тасжолы, 15 мекенжайында ұйымдастырылады.
Іс-шараның мақсаты – құқық қорғау және арнайы органдар күштері мен құралдарының терроризм қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайындығын тексеру.
Оқу-жаттығу кезінде аталған аумақта уақытша шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына шектеу қойылып, кейбір жол учаскелері ішінара жабылады.
Штаб өкілдері тұрғындарды оқу-жаттығуға түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырды. Сондай-ақ тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, жалған мәлімет таратпау қажет екенін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін 2011 жылы 12 қарашада Тараз қаласында Қазақстан тарихындағы ең қайғылы терактілердің бірі болды. Қаруланған Мақсат Қариев бірнеше сағаттың ішінде қалада бірінен соң бірі шабуыл жасап, қару-жарақ дүкенін тонады, ҰҚК қызметкерлері мен полицейлерге оқ атты. Қанды оқиға салдарынан жеті адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды. Қылмыскерді тоқтатуға әрекеттенген полиция капитаны Ғазиз Байтасов та жарылыс кезінде көз жұмды. Ол гранатаны өз денесімен жауып, айналасындағыларды аман алып қалуға тырысты. Stan.kz сол күні Таразда болған оқиғаның хронологиясын еске түсіреді.
Инфляция қарапайым тілмен: Жалақы өзгермесе де, азық-түлік неге қымбаттайды
