Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Инфляция қарапайым тілмен: Жалақы өзгермесе де, азық-түлік неге қымбаттайды

Инфляция
Фото: Depositphotos / AndreyPopov

Жалақы сол қалпы, ал дүкендегі азық-түлік бағасы өсіп келеді. Мұның себебі неде және қымбатшылық отбасы бюджетіне қалай әсер етеді? Stan.kz инфляцияны қарапайым мысалдармен түсіндіреді.

 

Инфляция деген не және оны қалай есептейді?

Бірінші инфляцияның не екенін қарапайым тілмен түсіндірейік. Инфляция - елдегі тауарлар мен қызметтердің жалпы баға деңгейінің белгілі бір уақыт ішінде өсуі. Соның салдарынан ақшаның сатып алу қабілеті төмендейді: бұрынғы ақшаға бұрынғыдан да аз зат аламыз.

Мысалы, бір апта бұрын 5 000 теңгеге алған азық-түлік себетінің бағасы өссе, бүгін дәл сондай өнімдерді қайта сатып алу үшін көбірек ақша қажет болуы мүмкін. Бірақ инфляция кезінде барлық тауардың бағасы бірдей өседі деуге болмайды. Бір өнім қымбаттаса, екіншісінің бағасы өзгермеуі немесе арзандауы мүмкін.

Қазақстанда Ұлттық статистика бюросы халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасын бақылайды. Олардың қатарында азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар, көлік және коммуналдық қызметтер бар.

Статистиктер бағаларды белгілі бір кезеңдермен салыстырады. Мәселен, осы айды өткен аймен немесе былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырады. Есептеу кезінде әр тауар мен қызметтің тұтыну шығындарындағы үлесі ескеріледі. Мысалы, халық нан мен етті жиі сатып алатындықтан, олардың баға өзгерісі инфляция көрсеткішіне белгілі бір деңгейде әсер етеді. Осы деректер негізінде тұтыну бағаларының индексі есептеліп, инфляция деңгейі анықталады. Сондықтан ресми көрсеткішті бір ғана нанның немесе еттің бағасымен өлшеуге болмайды. 

Азық-түлік неге қымбаттайды?

Азық-түліктің бағасына оны өндіруге және дүкенге жеткізуге кететін шығын әсер етеді. Мысалы, жанармай қымбаттаса, өнімді тасымалдау да қымбаттайды. Жем-шөп, тұқым, тыңайтқыш немесе қаптама бағасы өссе, өндірушінің шығыны көбейеді. Бұл өнімнің дүкендегі бағасына әсер етеді. 

Нарықтағы тауар көлемі де маңызды. Қуаңшылықтан өнім аз жиналса немесе жеткізу қиындаса, сатылымдағы өнім азаяды. Ал сұраныс ұзақ уақыт жоғары болса, баға өсуі әбден мүмкін.

Шетелден әкелінетін өнімдер мен шикізаттың бағасына теңге бағамы да әсер етеді. Егер теңге әлсіресе, яғни шетел валютасына шаққандағы құны төмендесе, импорттық тауарлар мен шикізат қымбаттауы мүмкін. Бұл өз кезегінде дүкендегі өнім бағасына әсер етеді.

Кейде қаптаманың көлемі кішірейіп, бағасы сол қалпы қалып жатады. Мысалы, бұрын 500 грамм болған өнім енді 450 грамм болып сатылса, сатып алушы сол ақшаға азырақ өнім алады. Сондықтан бағаны ғана емес, қаптамадағы мөлшерді де салыстырған жөн.

Жалақы мен баға өсімі отбасы бюджетіне қалай әсер етеді?

Егер жалақы сол күйі қалып, азық-түлік қымбаттаса, адамның сатып алу қабілеті төмендейді. Яғни бұрынғы табысына бұрынғыдан аз өнім ала алады.

Адамның айлығы 300 мың теңгеден 330 мың теңгеге өсті делік. Айлықтың қағаз жүзіндегі өсімі — 10%. Егер осы кезеңдегі инфляция 9,2% болса, жалақының сатып алу мүмкіндігі шамамен 0,7%-ға ғана артады. Яғни айлық 30 мың теңгеге көбейгенімен, баға да өскендіктен, адамның бұрынғыдан алатын тауары көп өзгермеуі мүмкін.

Осы жерде 300 мың теңге мен 330 мың теңгенің айырмасы номиналды өсімді, ал инфляцияны есептегеннен кейінгі 0,7% нақты өсімді көрсетеді.

Жалақы өссе де, оның қаншалықты өскенін бағамен салыстыру керек. Егер жалақы баға өсімінен баяу өссе, табыс көбейгенімен, оған алуға болатын заттың көлемі азаюы мүмкін.

Инфляцияны отбасылар әртүрлі сезінеді. Әр отбасының шығыны мен сатып алатын тауары бөлек. Мысалы, табысының басым бөлігін азық-түлікке жұмсайтын отбасы азық-түлік қымбаттағанын қаттырақ сезінуі мүмкін. Ал басқа отбасының бюджетінде тұрғын үй, көлік немесе білім шығындары көбірек болуы ықтимал. Сондықтан ресми инфляция көрсеткіші әр адамның жеке шығыны дегенді білдірмейді.

Қазақстандағы инфляция және бағаның баяулауы

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қазанда Қазақстандағы жылдық инфляция 9,2% болды. Бұл — 2025 жылғы қазанмен салыстырғандағы бағаның орташа өсімі. Азық-түлік тауарларының бағасы осы кезеңде 7,6%-ға өскен. Ал 2026 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда бір айдағы жалпы инфляция 0,5% болды. 

Инфляцияның баяулауы баға арзандады деген сөз емес. Бұл тауарлар мен қызметтердің бұрынғыдан баяу қымбаттап жатқанын білдіреді. Мысалы, бір жылы бағалар 10%-ға, келесі жылы 7%-ға өссе, өсу қарқыны төмендеген. Бірақ баға әлі де өсіп жатыр.

Отбасы шығынын бақылау үшін:

  • Бір ай бойы негізгі шығындарыңызды жазып жүріңіз.
  • Дүкенге барарда қажет заттардың тізімін жасаңыз.
  • Әртүрлі дүкендегі бағаларды салыстырыңыз.
  • Өнімнің бағасымен бірге қаптамадағы мөлшеріне де қараңыз.
  • Апталық ас мәзірін алдын ала жоспарлаңыз.
  • Мүмкіндік болса, күтпеген шығындарға арнап аз да болса ақша жинаңыз.

Өз шығынын бақылап, бағалар мен қаптамадағы мөлшерді салыстыру отбасы бюджетіне қатысты шешімді саналы қабылдауға көмектеседі. Жалақының өзгерісін де бағаның өсуімен қатар қарастырған жөн.

Айта кетейік, ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, Қазақстандағы инфляция 2027 жылы 7,5–9,5%, ал 2028–2029 жылдары 6–8% болуы мүмкін. 

Айнура Дарибаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 09:00