Қазақстанда студенттердің курьер болып жұмыс істеуіне тыйым салына ма: Ғылым министрі жауап берді
Қазақстанда студенттердің курьер болып жұмыс істеуіне шектеу қойылмайды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттердің оқуымен қатар қосымша табыс табуына құқығы бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары студенттердің шәкіртақысы айтарлықтай өскенімен, оның көлемі әзірге барлық қажеттілікті өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан жастардың қосымша жұмыс істеуіне түсіністікпен қарау қажет.
Саясат Нұрбек студенттерді жұмысқа алатын компанияларды олардың оқуына кедергі келтірмей, сабаққа уақыт бөлуіне мүмкіндік жасауға шақырды. Сондай-ақ министр өзі де АҚШ-та білім алып жүрген кезінде репетитор болып қосымша жұмыс істегенін айтты.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарында студенттердің сабаққа қатысуын бақылау күшейтілмек. Министрлік цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалана отырып, университеттердегі сабаққа қатысу көрсеткіштерін жүйелі түрде қадағалауды қолға алған.
"Қазір біз талапты күшейтіп, тәртіп пен оқыту сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеміз. Цифрландырудың арқасында университеттердің барлығы дерлік қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Біз бұл жұмысты белсенді түрде талап етіп жатырмыз. Сабаққа қатысу туралы деректер жоғары білім берудің бірыңғай платформасына автоматты түрде жіберіледі", – деді министр.
Осылайша, студенттердің қосымша жұмыс істеуіне тыйым салу көзделмейді. Алайда жоғары оқу орындарында сабаққа қатысу тәртібі мен білім беру сапасына қойылатын талаптар күшейтіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда курьер болып қосымша табыс табатын декреттегі аналардың әлеуметтік төлемі тоқтатылмайтыны туралы жазған едік.
"Тұмау деп жаппақ болды": Алматы тұрғыны әкесінің дәрігерлердің салғырттығынан өлім аузынан қалғанын айтты
