Курьер болып қосымша табыс табатын декреттегі аналардың әлеуметтік төлемі тоқтатылмайды — Еңбек министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда декреттік демалыс кезінде курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айырылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство декретте жүрген аналардың төлемдері тоқтатылады деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
“Әлеуметтік желілер мен жекелеген ақпараттық пабликтерде Қазақстанда курьер ретінде қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспары туралы жарияланымдар таралуда. Бұл шындыққа сәйкес келмейді.
Бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджет қаражаты есебінен бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (МӘЖ) төленеді. Аталған жәрдемақылар шартсыз, және алушының кейіннен жұмысқа орналасуына қарамастан, бала бір жарым жасқа толғанға дейін толық мерзімде төленеді”, – делінген министрлік хабарламасында.
ОқыңызМинистрліктің мәліметінше, ресми жұмыс істейтін ата-аналарға да бала күтіміне байланысты 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлем төленеді. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
“Әлеуметтік кодекс нормаларына сәйкес, аталған төлемдерді жұмысқа шығуына байланысты тоқтату тек алушының өз еркімен тиісті өтініш беруі арқылы ғана жүзеге асырылады. Қазақстандықтарға тек мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне сүйенуге кеңес берді”, – деді ведомство.
Еске салсақ, Алматыда сәбиін көтеріп, курьер болып жүрген жас ананың жағдайы қоғамда қызу талқыланған еді.