Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқу ақысы миллиондаған теңгеге жетті: Қазақстанда университет бағасын кім бақылайды

 

универ
Фото: gov.kz

Қазақстанда жоғары оқу орындарының ақысы жылына бірнеше миллион теңгеге жетеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқу құнының өсу себептерін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда жоғары білім алу басқа елдермен салыстырғанда қолжетімді. Соңғы жеті жылда мемлекет 655 мыңнан астам білім грантын бөліп, оған 1,5 триллион теңгеден астам қаражат жұмсаған.

"Жалпы, басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанда жоғары білім алу салыстырмалы түрде арзан. Іс жүзінде әрбір екінші талапкер мемлекеттік грантқа үміткер бола алады", – деді Саясат Нұрбек.

Министр студенттерге арналған басқа да қолдау шараларын атап өтті. Мәселен, "Келешек" бағдарламасы бойынша 240 мың отбасы білім беру жинақтау шотын ашқан. Сондай-ақ оқу ақысының 50%-ына дейін өтейтін сараланған гранттар, пайызсыз білім беру несиелері және "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы қарастырылған.

Саясат Нұрбек оқу ақысының жыл сайын қымбаттауына да тоқталды. Оның сөзінше, министрлік мемлекеттік университеттердегі бағаны бақылап, оның инфляция деңгейінен артық өсуіне жол бермейді. Ал жекеменшік жоғары оқу орындарының бағасын тікелей реттеуге құзыреті жоқ.

"Жекеменшік университеттердің оқу ақысын қатаң бақылай алмаймыз. Олардың қауымдастығымен тұрақты байланыстамыз, келіссөз жүргіземіз. Алайда оқу ақысын көтеруге тыйым салатын немесе бағаны тоқтатып қоятын тікелей тетігіміз жоқ", – деді министр.

Сонымен қатар министр Қазақстанда филиалдарын ашып жатқан шетелдік университеттермен де келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Негізгі талаптардың бірі – олардың Қазақстандағы оқу ақысы шетелдегі басты кампустарына қарағанда төмен болуы тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы бірнеше университетті Қонаев немесе Алатау қаласына көшіру жоспары қарастырылып жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, оқу орындары көшуге дайын болғанымен, қалалардың инженерлік инфрақұрылымы толық әзір емес.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 18:04