Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саясат Нұрбек жоғары балл жинаған талапкер неге грантсыз қалатынын түсіндірді

Саясат Нұрбек
Фото: Gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары балл жинаған талапкердің мемлекеттік грантқа іліге алмай қалу себептерін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналист министрден 100 балл жинаған талапкер грант иеленіп, ал 120 балл алған түлектің грантсыз қалуы қоғамда түрлі сұрақ тудыратынын айтып, мұның себебін түсіндіруін сұрады. 

Саясат Нұрбек бұл мәселені түсіну үшін ең алдымен “мемлекеттік білім беру тапсырысы” ұғымына назар аудару қажет екенін айтты.

“Мұндағы негізгі сөз – мемлекеттік тапсырыс. Гранттар балалардың жоғары оқу орнында тегін білім алуы үшін ғана берілмейді. Мемлекет грантты экономикаға қажет мамандықтар мен бағыттарға бөледі”, – деді министр.

Оның сөзінше, талапкердің өзі қалаған мамандық пен мемлекетке қажет кадрларға деген сұраныс әрдайым сәйкес келе бермейді. Егер талапкер тегін оқығысы келсе, өзі таңдаған бағыттағы грант саны мен бәсекені де ескеруі керек.

Министр мысал ретінде заң мамандықтарын атады. Биыл бұл бағытқа мемлекет 200 ғана грант бөлген. Ал оған 10-12 мыңнан астам талапкер құжат тапсырған.

“Мұндай жағдайда грант ең жоғары балл жинаған 200 талапкерге беріледі. Сондықтан белгілі бір балл жинау грантқа автоматты түрде кепілдік бермейді”, – деді ол.

Саясат Нұрбек заңгерлерге бөлінетін грант саны бұл саладағы мамандар көп болғаны үшін азайтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамның өзі бұған дейін елде заңгерлер шамадан тыс көбейіп кеткенін бірнеше рет көтерген. Осыған байланысты мемлекет кейінгі жылдары мұндай мамандықтарға бөлінетін грант санын кезең-кезеңімен қысқартып келеді.

Министр әлеуметтік квота мәселесіне де тоқталды. Қазақстанда ауыл жастарына, әлеуметтік осал топтарға және бірқатар басқа санатқа арнайы квота қарастырылған.

Осыған байланысты кейде 50-60 балл жинаған талапкер грантқа түсіп, 100 балл алған басқа үміткердің грантсыз қалуы мүмкін.

Алайда министрдің сөзінше, мұндай нәтижелерді тікелей салыстыру дұрыс емес.

“Квота бойынша қатысатын талапкерлер жалпы конкурсқа қатысушылармен бәсекелеспейді. Олар өз санатының ішінде жарысады. Жалпы конкурс та бөлек өтеді”, – деді Саясат Нұрбек.

Грантқа түсуге университеттердің өздері белгілейтін шекті балл да әсер етеді. Қазір жоғары оқу орындары талапкерлерге қойылатын ең төменгі балды өздері көтере алады.

Министр мұны университеттердің инфрақұрылымдық мүмкіндігі мен білім сапасын сақтау қажеттілігімен түсіндірді. Кейбір оқу орындары студент санын шектеп, қабылдау талабын күшейтіп жатыр.

Саясат Нұрбек талапкерлер мен ата-аналарға грант бөлу тәртібін түсіндіру үшін министрлік ақпараттық роликтер, анимациялар және инфографикалар әзірлеп жүргенін айтты. Соған қарамастан қоғамда “жоғары балл жинасам, міндетті түрде грант алуым керек” деген түсінік әлі де сақталып отыр.

Министр алдағы уақытта талапкерлерді іріктеу тәсілі өзгеретінін де мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір талапкердің қабілеті мен ерекшеліктерін кеңірек бағалайтын жаңа тест әзірленіп жатыр. Келесі жылы AIT – Admission Insight Test пилоттық режимде іске қосылмақ.

Жаңа жүйе талапкерді тек жинаған балымен емес, өзге де көрсеткіштері арқылы бағалауға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық түлектер төмен балл алғандардың грант ұтып алғанына наразы екені хабарланған еді. Байқаудан өтпеген мектеп түлектері әлеуметтік желілерді ашулы жазбалармен толтырды. Олар ҰБТ-дан төмен балл алған талапкерлер сол мамандық бойынша гранттар алғанын, ал жоғары балл алған түлектер қандай да бір жолмен өтпей қалғанын айтады

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 12:11