Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда сот қызметкерінің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Аян Дүйсеков сот қызметтік пәтер
Фото: Threads/zhanara___01

Ақмола облысының полиция департаменті Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің өзіне қол жұмсау дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді тоқтатты. Бұған қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауы негіз болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу 13 қыркүйекте басталған. Тергеу барысында қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, тиісті материалдар жиналған.

"Тергеу нәтижесінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды", – делінген полиция хабарламасында.

Еске салсақ, биыл қырқүйек айында Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Аян Дүйсековтің туыстары оның қайтыс болғанын мәлімдеп, оқиғаның мән-жайын тексеруді талап еткен еді.

Марқұмның әйелі Жанар Дүйсекованың айтуынша, барлығы күйеуі мен екі судьяның арасындағы келіспеушіліктерден басталған. Аянның өлімінен аз уақыт бұрын оның жұмысында тексерулер басталып, шағымдар түскен. Оны бірнеше рет шақыртып, нәтижесінде ер адамға сөгіс жарияланған.

Ал Ақмола облыстық сот әкімшілігі департаменті Аян Дүйсековке ешқандай қысым көрсетілмегенін мәлімдеді. Сот өкілдерінің айтуынша, оған еңбек тәртібін бұзғаны үшін сөгіс жарияланған. Сондай-ақ оны мемлекеттік қызметтік пәтерден шығару мәселесі көтерілмеген.

Айта кетейік, 30 қазанда Көкшетауда тағы бір сот қызметкерінің мәйіті табылды. Ол Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, мәйіті табылған ер адам әріптесі Аян Дүйсековтің денесін алғашқылардың бірі болып анықтаған.

Бұл дерек бойынша да полиция “өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 18:38