Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызметтік пәтерден шығыңдар деді": Көкшетауда қайтыс болған сот қызметкерінің әйелі жұмыстағы қысым туралы айтып берді

Аян Дүйсеков пен жұбайы
Фото: Threads/zhanara____01, видеодан скрин

Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің отбасы оның қайтыс болар алдында моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмның әйелі Жанар Дүйсекованың айтуынша, барлығы күйеуі мен екі судьяның арасындағы келіспеушіліктерден басталған. Аянның өлімінен аз уақыт бұрын оның жұмысында тексерулер басталып, шағымдар түскен. Оны бірнеше рет шақыртып, нәтижесінде ер адамға сөгіс жарияланған.

Туыстары болған жағдайдың оған психологиялық қысым көрсетуі мүмкін деп есептейді.

Сонымен қатар қызметтік пәтерге қатысты да мәселелер туындаған. Жанардың айтуынша, олар қызметтік пәтерде небәрі жарты жыл тұрған.

"Бізге 12 қыркүйекке дейін пәтерден шығу керегін айтты. Жаңа пәтер іздедік, бірақ таба алмадық. Аян бізге тағы біраз уақыт беруді сұрамақ болды, алайда оған рұқсат бермеді. "Сенбі күні көшесіңдер, болды" деді", – дейді марқұмның жұбайы.

Марқұм Аян Дүйсековтің жұбайы қайғылы оқиға болған 13 қыркүйек күнді де еске алды.

Әйелдің сөзінше, сол күні таңертең Аянның ата-анасы оларды қонаққа шақырған. Бірақ Аян барудан бас тартқан.

Жұбайы ұлын үйде әкесінің қасына қалдырып, кейін шаштаразға апарып, шашын қидыртып келуін сұраған. Аян бастапқыда келіскен. Бірақ біраз уақыттан кейін: "Жоқ, балаларды өзіңмен бірге алып кет. Мен пәтер іздеймін", – деген.

Ештеңеден күдіктенбеген жұбайы балаларын ертіп, қонаққа кеткен. Үйден шығар алдында Аян: "Балаларды қорға. Мен сені жақсы көремін", – деп айтқан көрінеді.

Жұбайы сол сәтте бұл сөздерге ерекше мән бермегенін айтады. Алайда қонақта отырған кезде көңілі алаңдап, Аянға бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жазған. Ол жауап бермеген соң, жұбайы бірден үйіне қайтып келген.

Үйге келген кезде Аянды жансыз күйде тапқан.

Аян Дүйсеков 1998 жылдың 20 желтоқсанында Солтүстік Қазақстан облысының Лаборовка ауылында дүниеге келген. Жақындарының айтуынша, ол судья болуды армандаған. Оның артында әйелі мен екі баласы қалды. Балаларының бірі – бір жаста, екіншісі – үш жаста. Жұбайы декреттік демалыста.

Аталмыш жағдайға қатысты қылмыстық кодекстің "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. 

"Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген Ақмола облыстық ПД хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Аян Дүйсековтің туыстары оның қайтыс болғанын айтып, оқиғаның мән-жайын тексеруді талап еткен еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 21:46