Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жақында жөнделген жол опырылып, қыз шұңқырға құлап кетті

жол қыз шұңқыр
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте бірнеше күн бұрын жауған нөсер жаңбырдан кейін қаланың кейбір аумағын су басты. Түркістан көшесінде жаңбыр салдарынан жақында жөнделген тротуардың сапасы сын көтермей, опырылып, жаяу жүргінші шұңқырға түсіп кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаяу жүргіншілер жолы жақында ғана жаңартылған. Алайда арада көп уақыт өтпей, жабындының бір бөлігі кенеттен опырылып, өтіп бара жатқан қыз шұңқырға түскен. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Қазір бүлінген аумақ қайта қалпына келтірілген. Дегенмен тұрғындар жөндеу жұмыстарының сапасына күмән келтіріп, жаңа тротуармен жүруге қорқатынын айтады.

Белгілі болғандай, тротуарды жөндеумен "Қуат жылу орталық" коммуналдық кәсіпорны айналысқан. Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, нөсер жаңбыр салдарынан жылу желісі өтетін аумақтағы тротуар плитасы шөгіп кеткен. Сондай-ақ жылу құбырының тозғаны айтылды. Қазір бүлінген жер толық қалпына келтірілген.

Шұңқырға түсіп кеткен қыздың өзі де сол сәтті қорқынышпен еске алады. Оның айтуынша, жанынан өтіп бара жатқан адамдар бірден көмекке келмегенде, жағдай әлдеқайда ауыр болар еді дейді.

"Мен ашық тұрған жерді басқан жоқпын. Бәрі жабық болды, кәдімгі тротуар сияқты көрінді. Не болғанын да түсінбей қалдым. Бір кезде төменге құлап бара жатқанымды байқадым. Адамдар бірден жүгіріп келіп, қолымнан ұстап, шығарып алды. Егер олар жанымда болмағанда, қаншалықты тереңге құлап кетерімді кім білсін. Оның үстіне, күн жаңбырлы болды”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Аружан Сейдолла. 

Ол өзінің орнында кішкентай бала немесе қарт болғанда жағдай одан да қиын бола ма еді деп алаңдайды. Осылайша, жұмыстың өте сапасыз жасалғанан атап өтті. 

Бұған дейін Алматыда 11 жастағы қыз ойын-сауық орталығындағы жасанды жартастан құлап, мертігіп қалған еді. Оқиға 28 қазанда болған. Куәгерлердің айтуынша, қыз жасанды жартасқа өрмелеп, ең биік жеріне жеткен кезде төменге құлаған. Ол жерге бірден қатты еденнің үстіне түскен. Зардап шеккен бала Алматыдағы №1 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір ол нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер қыздың омыртқасы мен жұлыны зақымданғанын анықтаған.

Айым Болатқызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 08:06