Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концертінде жұрт жаппай кептеліп қалды

Концерт Шымкент
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде жұрт жаппай кептеліп, адамдар бір-бірін итеріп, тапталып қалған. Мыңдаған адам Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионға бір мезетте кіруге тырысқандықтан, кіреберісте халық көп жиналған. Салдарынан көрермендердің бір бөлігі концертке кіре алмай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, оқиға кезінде 18 жастағы бойжеткен зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Оның туыстарының айтуынша, қыздың жүрегі мен бас миы зақымданған. Бойжеткен есінен танып, әлі күнге дейін ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. 

Бұдан бөлек, қыз адамдардың арасында жерде жатқан кезде оның ұялы телефоны мен құжаттарын ұрлап кеткен.

Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Дәрігерлердің көмегіне барлығы сегіз адам жүгінген, олардың жетеуі үйіне жіберілген.

Осы оқиғаға байланысты концертті ұйымдастырушы күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

"Біз кешкі сағат бесте келдік. Концерт жетіде басталуы керек болғандықтан, кешікпей, ішке алдын ала кіріп алу үшін ертерек келуді жөн көрдік. 13 мың теңгеге Silver аймағынан билет сатып алдық. Алайда ішке тек кешкі сағат сегіздер шамасында кіре алдық. Адамдар екі рет бірін-бірі итеріп, жаппай кептеліс болды. Алғашқы кезде аяғымды қайырып алдым, аяғым қанап кетті. Адамдар үстіме құлап, таптап кетті. Мен кіреберістің жанында тұрдым, ол жерде еріктілер болмады. Айналамызда есінен танып, су іздеген адамдар көп болды", – дейді концертте болған Айжан Айбекқызы.

Шымкент қаласы полициясының мәлметінше, алдын ала мәлімет бойынша, сатылған билеттер саны концерт өтетін алаңның рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен.

“Бұл адамдардың шамадан тыс жиналуына әкеліп, көрермендердің қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Концертті ұйымдастырушы, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов.

Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде адамдар бірін-бірі таптап кете жаздап, 18 жастағы қыз жансақтау бөліміне түскенін жазған едік. Артынша концерттің ұйымдастырушысы қамауға алынды. Полицияның мәліметінше, сатылған билеттер саны концерт өтетін орынның белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 08:32