Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертін ұйымдастырушы бес жылға сотталуы мүмкін
Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде болған адамдардың жаппай кептелісіне қатысты тергеу жалғасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиғаға байланысты ұсталған ұйымдастырушы қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Оған қатысты бұлтартпау шарасы әзірге таңдалмаған. Ал концертте зардап шеккен 18 жастағы қыздың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр.
Істі Шымкент қаласы Тұран аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Күдіктінің әрекеті қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Бұл бап "қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға" қатысты жауапкершілікті көздейді.

Аталған құқық бұзушылық үшін 5 000 АЕК-ке дейін (21,6 миллион теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Шымкент прокуратурасы күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы әлі таңдалмағанын атап өтті. Заң бойынша адам 48 сағатқа дейін ұсталуы мүмкін. Осы мерзім аяқталғанға дейін тергеу судьясы оны қамауда ұстауға санкция беру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды. Қамауға алу мақұлданбаса, өзге бұлтартпау шарасы таңдалуы мүмкін.
Прокуратураның мәліметінше, тергеу судьясы әзірге бұл мәселені әлі қарамаған.
Еске салсақ, бұған дейін бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде адамдар бірін-бірі таптап кете жаздап, 18 жастағы қыз жансақтау бөліміне түскенін жазған едік. Артынша концерттің ұйымдастырушысы қамауға алынды. Полицияның мәліметінше, сатылған билеттер саны концерт өтетін орынның белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен.